Үздік нәтиже - 5-орын.
Өзбекстан астанасында өткен Tashkent Grand Slam 2026 турнирінде Қазақстан құрамасы жүлдесіз қалды.
Ұлттық құрама сапында ең үздік нәтижені аса ауыр салмақ (+100 кг) өкілі Ерасыл Қажыбаевқа тиесілі. Ол жарысты бесінші орынмен аяқтады. Қажыбаев қола медаль үшін Әзербайжан спортшысымен белдесуі тиіс болған, алайда өзі татамиге шықпады.
Осы салмақта тағы бір қазақстандық Еламан Ерғалиев жетінші орынға тұрақтады.
Есесіне Өзбекстан құрамасы сапында өнер көрсететін этникалық қазақ Ерназар Сәрсенбаев (-100 кг) күміс жүлдегер атанды. Айта кетейік, ол былтыр осы турнирде қола медаль жеңіп алған еді.
Командалық есепте Жапония құрамасы көш бастады - 4 алтын, 3 күміс және 7 қола медаль.
Екінші орынға 4 алтын, 1 күміс және 2 қоламен Әзербайжан жайғасты.
Үздік үштікті 1 алтын, 3 күміс және 4 қола жүлде еншілеген Өзбекстан құрамасы түйіндеді.