Балуан үшінші орын үшін күресте жарақаты кедергі болғанын алға тартты
Ташкентте дзюдодан өткен Гранд Слэм турнирінде қола жүлде үшін күресте есе жіберген ҚР ұлттық құрамасының балуаны Ерасыл Қажыбаев мәлімдеме жасады.
Балуан үшінші орын үшін күресте жарақатының кедергі болғанын алға тартып, жанкүйерлеріне жағдайы туралы айтып берді.
«Кешегі жарысқа үлкен сеніммен шықтым. Қазақ елін қуантып, көк туымызды биікте желбіретемін деген ниетім нық еді. Жартылай финалға дейін барымды салдым. Бірақ шешуші сәтте алған жарақат жарысты жалғастыруға мүмкіндік бермеді.
Ең өкініштісі жүлдеге бір қадам қалғанда тоқтауға мәжбүр болғаным. Алайда нағыз спортшы жеңілгенде емес сыналғанда танылады. Мен бұл сынақты қабылдаймын. Алда бұрынғыдан да мықты болып ораламын. Маған сенген әр жанға алғысым шексіз. Сіздердің сенімдеріңіз менің ең үлкен күшім. Бұл жолы бұйырмаған жеңіс келесі жолы мен оны тағдырдан тартып аламын. Мен әлі соңғы сөзімді айтқан жоқпын!», - деді Ерасыл Қажыбаев.
Аталған жарысқа ҚР ұлттық құрамасы 12 балуан апарған болатын. Алайда олардың ішінде тек Ерасыл Қажыбаев қана жартылай финалға дейін жете алды.
Ерасыл Қажыбаев Ташкент турнирінде жартылай финалға дейін жетіп, шешуші белдесуде Әзербайжан балуаны Канан Гамзатхановқа жол берді. Осылайша отандасымыз турнирді бесінші орынмен аяқтады. Ол іріктеу кезеңінде Қытай балуанын қапы қалдырса, ширек финалда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Музафарбек Туробоевты айқын жеңді. Өкінішке қарай, жартылай финалда Париж Олимпиадасының тағы бір жүлдегері, өзбекстандық Алишер Юсуповтан айласын асыра алмады.