ҚПЛ 20-тур: Ордабасы көшбасшы болды. Ақтөбе қазақ бапкерлерге неге сенбейді? Қайрат ЛЧ-ге дайын

Тарихи жетістіктің артында жаңа жұмыс тәсілі тұр – Спорт министрі жас дзюдошылардың жеңісін бағалады

23.08.2026, 20:16

Бұрын-соңды Қазақстан жасөспірімдері мұндай жетістікке жетпеген

Тарихи жетістіктің артында жаңа жұмыс тәсілі тұр – Спорт министрі жас дзюдошылардың жеңісін бағалады
ҚР Туризм және спорт министрлігі

Эквадорда өткен дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық балуандар 10 медаль жеңіп (3 алтын, 3 күміс және 4 қола), тарихи жетістікке қол жеткізді.

Ерлер құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленсе, қыздар екінші орынмен жарысты аяқтады. ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бұл жетістіктің артында ұлттық құрамаларды даярлауға енгізіліп жатқан жаңа тәсілдің тұрғанын атап өтті.

«Париж Олимпиадасынан кейін біз спортшыларды даярлау жүйесінің өзін қайта қарауға кірістік. Федерациялармен бірлесіп, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы ұлттық құрама бірыңғай әдістеме аясында жұмыс істейтін модельді енгізіп жатырмыз. Яғни спортшы бір жас санатынан екіншісіне өткен кезде, дайындықты мүлде басқа жүйе бойынша қайта бастамайды. Мұнда сабақтастық, бірыңғай талаптар, талдау және спортшының дамуының нақты траекториясы қалыптасқан», - деді спорт министрі.

Дзюдода бұл жұмыс Қазақстан дзюдо федерациясымен және «Жеңіс» клубымен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Отандық жаттықтырушылар шетелдік озық мамандармен, оның ішінде италиялық Эцио Гамба командасымен бірлесіп жұмыс істейді. 

«Бұл жерде әңгіме тек танымал шетелдік жаттықтырушыны шақыру туралы емес. Оның негізінде нақты әдістеме жатыр: жаттығу процесін ғылыми талдау, функционалдық диагностика, жүктемені жекелей бейімдеу, қалпына келтіру, спорттық медицина және әр спортшының даму динамикасын тұрақты бақылау», - дейді Е.Мырзабосынов.

Айта кетейік, Қазақстан қоржынына Әділжан Жаудинов (+90кг), Ғабит Расулхан (60кг) және Фатима Сұпығалиева (52кг) әлем чемпионатының алтынын салды. 

Ал Адия Жанахмет (40кг), Әділжан Нұрбекен (50кг) және Інжу Жұмажан (57кг) күміс медаль иеленді.

Бекарыс Құдайберген (50 кг), Ахмет Баубек (60кг), Ерік Үсенов (66кг) және Еркен Бекали (73 кг) қола жүлдеге қол жеткізді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам