Fair Play сыйлығы спорттағы адалдықты, өзара құрметті және қарсыласқа деген ізгі қарым-қатынасты дәріптейді
Америкалық мәнерлеп сырғанаушы Илья Малинин Олимпиада ойындарындағы спорттық әдебі мен қарсыласына көрсеткен қолдауы үшін Fair Play сыйлығымен марапатталды. Марапаттау рәсімі Швейцарияның Лозанна қаласындағы Олимпиада музейінде өтті.
Еске салайық, Олимпиада ойындарының алтын медалін қазақстандық Михаил Шайдоров жеңіп алған еді. Жарыс нәтижесі жарияланғаннан кейін Малинин чемпиондық атақтан айырылғанына қарамастан, Шайдоровты жылы құшақтап, жеңісімен шын жүректен құттықтады. Бұл сәт спорт жанкүйерлерінің назарын аударған болатын.
Малинин сол сәт туралы өз ойын бөлісті. Оның айтуынша, Олимпиададағы өнері өміріндегі ең қиын кезеңдердің бірі болғанымен, қарсыласының жетістігін бағалап, оған қолдау көрсету маңызды еді.
«Мен сол өнер көрсетуімді еске алғанда, бұл өмірімдегі ең ауыр сәттердің бірі болғанын түсінемін. Оны ешқашан ұмытпаймын. Бірақ алға жылжуым, нағыз дос болып қалуым және қарсыласымның әрі досымның жетістігін бағалауым керегін білдім.
Ол алғашқы Олимпиадасында жеңіске жетті. Оның арманына жетіп, мақсатына қол жеткізгенін көру мені қатты қуантты. Сондықтан мен жақсы дос болып, оны қолдап, жанынан табылғым келді», – деді Илья Малинин.
Fair Play сыйлығы спорттағы адалдықты, өзара құрметті және қарсыласқа деген ізгі қарым-қатынасты дәріптейді. Малининнің Шайдоровты құттықтаған сәті осы қағидалардың жарқын көрінісі ретінде бағаланды.