Отандасымыз әзербайжандық Эльмир Алиевпен белдесіп, жеңіске жетті
Қазақстандық грек-рим күресінің балуаны Айбек Айтбеков АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Ол 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, жарыс жеңімпазы атанды. Финалда қазақстандық балуан әзербайжандық Эльмир Алиевпен белдесіп, жеңіске жетті. Айта кетейік, Алиев осыған дейін U23 санатында әлем чемпионы болған.
Айбек Айтбеков шешуші белдесуге дейін бірнеше мықты қарсыласынан басым түсті. Атап айтқанда, ол ресейлік Алибeк Амировты, жапониялық Сэйма Токухараны және украиналық Евгений Поковбаны жеңді.
Осылайша, қазақстандық балуан биылғы маусымдағы жетістігін әлем чемпионатының алтынымен толықтырды. Бұған дейін Айбек Айтбеков 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында да топ жарған еді.