Маджид Рашид Қазақстандағы паралимпиадалық қозғалыстың дамуына оң баға берді
Қазақстан Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев пен Азия Паралимпиада комитетінің президенті Маджид Рашид Қазақстандағы параспортты дамыту және қысқы паралимпиадалық спорт түрлері бойынша ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Кездесу 20 қазанда Жапонияның Нагоя қаласында V Азия Пара ойындары аясында өтті.
Қазақстан Ұлттық Паралимпиада комитетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тараптар екі ұйым арасындағы әріптестікті нығайту жолдарын қарастырды. Сондай-ақ Азиядағы параспортты ілгерілету, халықаралық байланысты дамыту және ұлттық паралимпиада комитеттеріне қолдау көрсету мәселелеріне назар аударды.
Қысқы параспортты дамыту мәселесі талқыланды
Кездесуде Азия елдерінде қысқы паралимпиадалық спорт түрлерін дамытуға ерекше мән берілді. Тараптар осы бағытта бірлескен іс-шаралар өткізу мүмкіндіктерін талқылап, паралимпиадалық қозғалыс аясындағы ынтымақтастықты күшейту жөнінде пікір алмасты.
Маджид Рашид Қазақстандағы паралимпиадалық қозғалыстың дамуына оң баға берді. Оның айтуынша, халықаралық жарыстарда Қазақстан атынан өнер көрсететін спорт түрлерінің саны артып, ұлттық делегацияның құрамы да кеңейген.
Астана Азия Паралимпиада комитетінің Бас ассамблеясын қабылдаған
Қазақстан мен Азия Паралимпиада комитетінің ынтымақтастығы бұған дейін де жалғасып келген. 2025 жылғы тамызда Астана алғаш рет Азия Паралимпиада комитетінің конференциясы мен VIII Бас ассамблеясын қабылдады. Жиынға Азия елдерінің ұлттық паралимпиада комитеттерінің өкілдері қатысты.
Айта кетейік, V Азия Пара ойындары 18–24 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы жарыста спорттың 12 түрінен 152 спортшымен сынға түсіп жатыр.