Путин спорт министріне федерациялардың қаржысыз қалғанына наразылық білдірді
Ресей президенті Владимир Путин спорт федерацияларына бөлінетін қаражаттың кешігуіне қатысты пікір білдіріп, Ресей спорт қорынан түсетін қаржы бюрократиялық аппаратты ұстауға емес, спортты дамытуға жұмсалуы керектігін айтты. Бұл туралы ол спорт министрі әрі Ресей Олимпиада комитетінің басшысы Михаил Дегтяревпен кездесуде мәлімдеді.
Путиннің сөзінше, қаражаттың бөліну тәртібін бақылау қажет болғанымен, бұл үдеріс шамадан тыс бюрократияға ұласпауы керек.
«Бұл қаражат машиналары, хатшылары және басқа да қызметкерлері бар бюрократиялық аппаратты ұстауға жұмсалмауы тиіс. Ол спортты қолдауға бағытталуы керек. Осы мәселеге назар аударуыңызды сұраймын», — деді Ресей президенті.
Ол қаржыландыруға қатысты конкурстық іріктеу жүйесін қолдайтынын, алайда федерациялардың бұрын алып келген қаражатынан қағылмауы керектігін атап өтті.
«Конкурстар және басқа да тетіктер — жақсы бастама. Бірақ федерациялар мүлде қаржысыз қалмауы керек. Қазір түрлі рәсімдер мен ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр, ал федерациялар бұрын алып келген қаражатын ала алмай отыр», — деді Путин.
Қаржы бөлу тәртібі өзгерген
Михаил Дегтяревтің түсіндіруінше, бұрын букмекерлерден түсетін нысаналы аударымдар федерацияларға тікелей беріліп, қаражаттың жұмсалуын бақылау мүмкіндігі шектеулі болған. Осыған байланысты Ресей спорт қоры өтінімдерді бағалау нәтижесіне қарай қаражат бөлетін конкурстық жүйені енгізген.
Ресей спорт қоры 2025 жылы Владимир Путиннің тапсырмасымен құрылған. Мемлекеттік коммерциялық емес ұйымның негізгі қаржы көздерінің бірі — құмар ойындардан түсетін нысаналы аударымдар.
2025 жылдың ортасында букмекерлерден түсетін қаражатты спорт федерациялары арасында бөлу тәртібі өзгерді. Бұған дейін қаржы федерацияларға Бірыңғай құмар ойындарды реттеу органы арқылы тікелей аударылатын. Жаңа жүйе бойынша федерациялар аударымдардың тек бір бөлігін тікелей алады, ал қалған қаражатты қор конкурстық негізде бөледі.
РБК Спорттың мәліметінше, осы өзгерістерден кейін 2025 жылдың үшінші тоқсанында бірқатар федерацияға түсетін нысаналы аударым көлемі 50–70 пайызға қысқарған. Қаржының азайғанын Ресей баскетбол федерациясының басшысы Андрей Кириленко да айтқан.