Абу-Даби полициясы он адамның ұсталғанын хабарлаған
Ресейлік ММА жауынгері Усман Нурмагомедов 14 қарашада Абу-Дабиде (БАӘ) өтетін Real American Freestyle (RAF) турниріне қатыса алмайды. Мұндай шешім бұрынғы UFC чемпионы Мераб Двалишвилидің қатысуымен болған жаппай төбелестен кейін қабылданды.
Бұл туралы ұйымның тең құрылтайшысы Чад Бронштейн жарыс алдындағы баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Оның айтуынша, промоушен болған оқиғаны құптамайды.
Жанжал 11 қарашада Абу-Дабидегі қонақүйлердің бірінде болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода Усман Нурмагомедовтің қасындағы адамдармен бірге сол сәтте сұхбат беріп тұрған Двалишвилиге жақындағаны көрінеді. Ресейлік спортшы жасаған болуы мүмкін соққыдан кейін екі топтың өкілдері жаппай төбелесіп кеткен.
Осы оқиғаға байланысты Абу-Даби полициясы он адамның ұсталғанын хабарлады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, олардың сегізі төбелеске қатысқан, ал қалған екеуі оқиғаны видеоға түсіргені үшін жауапқа тартылған.
Жанжалдан кейін Мераб Двалишвили мен Умар Нурмагомедовтің де турнирге қатысуы белгісіз болып қалды. Екі спортшы да ұйымдастырушылардың баспасөз мәслихатына келмеген.
Двалишвили бразилиялық Марлон Мораеспен белдесуі керек болса, Умар Нурмагомедов америкалық Юрайя Фэйбермен кездеседі.
RAF басшылығы БАӘ билігімен байланыс орнатуды жалғастырып жатыр. Ұйымдастырушылар Двалишвилидің турнирге қатыса алатынына үмітті. Алайда екі спортшының да жарысқа шығатыны жөнінде әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ.