Күні кеше даңқты дзюдошы Қазақстандағы жыл спортшысы атанды
Жылдың үздік спортшысы атанған Елдос Сметов әзірге мемлекеттік қызметке бару туралы жоспары жоқтығын алға тартты. Ол әлі де спортта жүре тұрмақ, өйткені өзінің жеңісі балалар арасында дзюдоға деген қызығушылықтың артуына себеп болғанын да жоққа шығармады.
«Қазіргі уақытта ондай мақсатым жоқ, өзімді ол жақта көріп тұрған жоқпын. Өйткені мен әлі спортшымын, спортшы ретінде алға қойған мақсатым бар. Сол мақсатпен мүмкіндігім бар кезде айналысуым керек. Қазір 32 жастамын, келесі Олимпиада уақытында 35-36 жаста боламын. Бұл жаста «жүлде алу мүмкін емес» деп үміт үзуге болмайды, оған дәлел болған – Демеу Жадыраев, ол 35 жасында Олимпиада финалына дейін жетті. Бір қазақ шыққан биікке екінші қазақ та шыға алады. Мұндағы мақсат – жас дегеннің ауысып жатқан цифрлар ғана екенін дәлелдеу, жастарға мүмкін емес нәрсенің жоқ екенін дәлелдеу. Әсіресе, үшінші Олимпиадам – жастарға үлкен мотивация берді, күресті қойып кеткендер кілемге оралды, дюздо залынан бапкерлер хабарласып, кішкентай балалар сыймай жатқанын айтуда. Бұрын қазаққа дзюдодан Олимпиада чемпионы болу бұйырмаған, мүмкін емес деп ойлайтын едім. Бірақ бұл мүмкін екен», - деп жауап берді Елдос Сметов.
Сонымен қатар, ол ағылшын тілін үйренуге Англияға баратынын, 2027 жылы Қазақстанда өтетін әлем біріншілігіне, 2028 жылы Лос-Анджелес қаласында өтетін Олимпиадаға қатысуға ниетті екенін де айтты.
«Бағыма бұйырып жатса, барамын, бұйырмай жатса, бауырларымды қолдауға барамын. Маман болсам да спорттан алыстап кетпеймін. Өйткені кішкентайымнан спортпен айналыстым, осы саладағы кемшіліктердің орнын толтырып, тәжірибемді жастармен бөліскім келеді», - дейді Сметов.
Еске салайық, Елдос Сметов Париж Олимпиадасының чемпионы. Сондай-ақ, ол – үш бірдей олимпиадада жүлде алған жалғыз қазақстандық спортшы.