 
                Азиядағы қос мықты Жапония мен Оңтүстік Корея қатысқан жоқ
 
                Манамада (Бахрейн) өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары аяқталды. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды. Бұл – тарихи жетістік. Алайда қуанышпен бірге ойланарлық тұстар да жеткілікті. Еліміз екінші орын алған Өзбекстаннан 13 алтынға қалып қойды.
Бахрейн астанасы Манамада өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары аяқталды. Қазақстан құрамасы жарысты 24 алтын, 29 күміс және 40 қола жүлдемен аяқтап, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтады. Былай қарасаң, үздік көрсеткіш секілді. Дегенмен, қуанышпен қатар ойландыратын факторлар да аз емес.
Өйткені аталмыш додаға АА. Бұл мүмкіндікті көрші Өзбекстан жақсы пайдаланды. Олар бұл ойында 37 алтын медаль жеңіп алып, Қазақстаннан 13 алтынға озып, екінші орынды иеленді. Бір қарағанда, Қазақстан медаль санымен (93 жүлде) Өзбекстаннан (81 медаль) көп жүлде алған. Бірақ спорттағы басты көрсеткіш – алтын, яғни чемпиондық. Бұл тұста біз көршіден айтарлықтай қалып қойдық.
Қазақстан осыған дейінгі екі жасөспірімдер Азия ойындарында үздік үштікке кірмеген еді:
2009 жылы сегізінші орын,
2013 жылы – он үшінші орын алғанбыз.
Алайда нәтиже бізді толық қанағаттандыруы тиіс пе? Бүгінгі артта қалушылық ертең Олимпиада аренасында да қайталануы мүмкін. Жастар – ел спортының болашағы. Азиялық деңгейде Өзбекстан бізден басым түссе, әлемдік деңгейде жағдай одан да күрделі болуы мүмкін.
Қазақстанға ең көп алтынды дзюдошылар мен боксшылар алып келді. Ауыр атлетика, аралас жекпе-жек, таеквондо, велоспорт, жиу-джитсу және жеңіл атлетика да жақсы нәтижелер көрсетті.
Алайда бірнеше бағытта біз айқын әлсіздік таныттық. Баскетбол 3х3, үстел теннисі, гольф, бадминтон, киберспорт секілді заманауи және әлемдік аренада маңызы артып келе жатқан спорттарда Қазақстан жүлдеге іліге алмады. Бұл тенденция қатты алаңдатуы тиіс. Өйткені дәл осы бағыттарда көптеген мемлекеттер болашақ Олимпиада медальдарын жоспарлап жатыр.
Сарапшылардың айтуынша, Өзбекстан соңғы жылдары спортты жүйелі реформалап, аймақтардағы спорт мектептерін күшейтті, балалар мен жасөспірімдер академияларын дамытты. Спорт ғылымына, жаттықтырушылардың дайындығына, скаутингке ерекше көңіл бөлінді.
Қазақстанда да реформалар жүргізіліп жатыр, қаржы бөлінеді. Бірақ жүйенің бірізділігі жоқ, жастар спорты көбіне жекелеген таланттардың арқасында жетістікке жетіп отыр. Ауылдық аймақтардағы инфрақұрылым, жаттықтыру сапасы, іріктеу жүйесі, спорт ғылымы әлі де әлсіз.