Шавкат бейнеленген ресми UFC мерчін алуға асық

«Патриот бол деп талап қою – артық». Спорт журналисі Рыбакинаға қатысты пікір білдірді

26.07.2024, 12:26

Егер біз патриотизмді қаласақ, онда өз спортшыларымызды өсіруіміз керек

«Патриот бол деп талап қою – артық». Спорт журналисі Рыбакинаға қатысты пікір білдірді
Robert Prange/Getty Images

Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакинаның Олимпиадаға қатысудан бас тартқаны туралы ақпарат көпшілікті таңғалдырғаны рас. Қазір бұл жайт қоғамда қызу талқыланып жатыр. Осы орайда спорт журналисі Всеволод Хван Рыбакинаға тағылған айыптың қаншалықты әділетті екеніне қатысты пікір білдірді. 

«Біріншіден, спортшыны патриот емес деп айыптау дұрыс емес. Оның болуы керек те емес. Адамға карьерасын дамыту үшін барлық жағдай жасалды – ол соған риза. Сөзімен ғана емес, ісімен де оны дәлелдеп жатыр. Ал патриот болу керек деп талап қою – артық. Адамның Отаны – оның туып-өскен, адам болып қалыптасқан жері. Бөтен елге деген махаббатты сатып ала алмайсың. Әрине, бұл тұжырымды жоққа шығаратын жайттар да кездеседі. Бірақ ол үшін адам сол елге көшіп, оның тарихын зерттеп, сонда өмір сүріп, мәдениетін түсініп, әбден сіңісуі керек. Бірақ бұл жерде олай емес», – дейді журналист.

Одан кейін, Олимпиада ойындарында ешқандай сыйақы берілмейтіні тағы бар.

Екіншіден, кәсіпқой теннисшілер үшін Олимпиада ойындары карьерасындағы ең маңызды сын деп айта алмайсың. «Үлкен дулыға» бар – олардың деңгейі жоғары. Олимпиада ойындарында сыйақы жоқ, рейтингіңе де еш әсері тимейді, оның үстіне ыңғайсыз уақытта - Уимблдон мен US Open арасында өтеді, төсеніш те әртүрлі. Олимпиада алтыны тек бірнеше «дулығаны» иеленіп, Олимпиадада да топ жардым деп көрсету үшін ғана қажет, – дейді ол.

Токио олимпиадасында чемпиондық атақ турнирдің тоғызыншы ракеткасы швейцариялық Белинда Бенчичке бұйырды. 2016 жылы әлемнің 34-ракеткасы болған пуэрториколық Моника Пуиг жеңімпаз атанды. Жанкүйерлер қазір олардың аттарын да білмейді. 

Үшіншіден, Париждегі медальге келсек, Рыбакинаның топ жаруы қиын болатын. Елена үшін ыңғайсыз төсеніш. Оның үстіне жеребе де оңай түскен жоқ. Одан қалды Ига Швентек секілді мықты бар.

Төртіншіден, Елена Рыбакинаның тарапына айтылған сын орынды. 2023 жылғы қарашада ол Билли Джин Кинг кубогының финалында сырқаты себеп Қазақстан атынан ойнаған жоқ. 2024 жылғы сәуірде тағы осы турнирге қатыспады, құрамамыз Жапониямен ойнаған. Себеп ретінде оның Олимпиадаға дайындалып жатқаны айтылды. Енді, міне, Олимпиадаға бір тәулік қалғанда оның аламанға қатысудан бас тартқанын білдік. Бұл жайт оған қатысты сынды үдетіп жіберді, – дейді сарапшы.

Спорт сарапшысының айтуынша, Рыбакина өзінің қатыспайтынын айтып видео түсіруі керек еді. Уимблдоннан соң бронхит пайда болғанын, дәрігерлер оны теңіз суымен емдеуді тапсырғанын, қанша тырысып бақса да, ем көмек бермей жатқанын, Олимпиада алтынына деген үміт үзілгенін түсіндіруі керек еді. 

Бұған жұрттың бәрі бірдей сенбесе де, жанкүйерлер тарапынан көрсетілетін қысым азаяр еді. Адамның өзі түсірген видео құрғақ мәтінге қарағанда анағұрлым жақсы қабылданады. Оның үстіне ол мәтінді де біреу жазып берген болар.

Оның қасында Ресейден Қазақстанға ауысқан мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкинаның әрекеттері сүйсіндіреді. Әлеуметтік желіде ол қазақ асханасы мен «Ирина Кайратовнаның» шығармашылығына тәнті екенін айтып, еліміздің паспортын көрсетеді. 

Ойымды қайталап айтайын: кез келген легионерден патриотизм талап етудің қажеті жоқ. Саған көмектескен елге алғыс, жанкүйерлерге құрмет білдіруді талап ету – заңдылық. Бірақ денсаулығыңды тәуекелге тігуді сұрау – дұрыс емес. Кез келген адамның Отаны біреу – ол сол елі үшін сынған қолымен рингке шығады, құлағы тістілген күйі немесе басын орап алған күйі бозкілемде күреседі.  

Егер біз патриотизмді қаласақ, онда өз спортшыларымызды өсіруіміз керек, – дейді Всеволод Хван.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам