Головкин бокс тарихындағы ең әділетсіз шешімнің құрбаны болды – америкалық журналист

Редактор
06.02.2024, 08:13

GGG – Canelo трилогиясы 2022 жылы аяқталды

Global Look Press

Америкалық бокс журналисі, The Neutral Corner подкастының авторы Майкл Монтеро Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы бірінші жекпе-жектің нәтижесіне қатысты пікірін айтты. 

Аталған кездесу 2017 жылдың қыркүйек айында өтіп, төрешілердің шешімімен тең нәтиже тіркелген болатын. Дегенмен, бокс сарапшылары мен жанкүйерлердің басым бөлігі GGG-дің таза жеңгенін сол кезде атағаны әлі есте. Ал, судья Аделаида Бёрдтің 118-110 есебімен «Канело» жеңді деп шешім шығарғаны бокс аудиториясында үлкен резонанс тудырды.

«Судьялардың шешімін, әсіресе бокстағы ең нашар төрешінің бағасын оқыған кезде мен шошынып, жағамды ұстадым. Бұл нағыз бассыздық болды», - деп жазды Монтеро X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Айта кетейік, 2018 және 2022 жылдары қос боксшы тағы екі рет кездесіп, оның екеуінде де Альварес жеңіске жетті.