Отандасымыз әлем чемпионы Карлос Адамеске қарсы жекпе-жек өткізеді
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов алдағы жекпе-жекке дайындықты бастау үшін АҚШ-қа аттанды.
Орта салмақта WBC рейтингісінде бірінші орында тұрған отандасымыз Лос-Анджелес қаласына барып, халықаралық рейстер қабылдайтын Том Брэдли терминалынан сурет жариялады.
Бұған дейін Нұрсұлтанов АҚШ визасын өткен жылы екі рет ала алмағанын, биыл ғана рұқсатқа қол жеткізгенін айтқан еді.
Қазіргі таңда қазақстандық боксшы орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Карлос Адаместің міндетті қарсыласы саналады.
Мейірім Нұрсұлтанов соңғы жекпе-жегін 2023 жылдың қарашасында Ташкентте өткізіп, чилилік Хулио Аламосты төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген болатын. Айта кетейік, ол кәсіпқой мансабының бастапқы кезеңінде, 2016-2019 жылдары Солтүстік Америкада өнер көрсеткен.