Мырзағали Айтжанов: Парижде бір алтын, бір күміс, бір қола медаль алуды көздеп отырмыз

Редактор
08.06.2024, 21:58

Олимпиада ойындарына тек Қазақстан мен Өзбекстан бокс құрамалары ғана толық құрамда қатысады

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Sport Plus Qazaqstan арнасына берген сұхбатында Париж Олимпиадасына дайындық туралы айтты.

«Біз екі күн бұрын Түркиядан оралдық. Жігіттер жаттығу жасап, әрі демалып үлгерді. Күнде таңда бір жаттығу жасап, кешке футбол, волейбол ойнадық. Арасында фитнеске барып, теңізге шомылдық. Алда масштабты жұмыс күтіп тұр. Арнайы оқу-жаттығу жиыны өтеді», - дейді Мырзағали Айтжанов.

Ол сонымен қатар Париждегі Олимпиадаға қатысты жоспарды айтты.

«Мен қазір мынау медаль әкеледі деп айта алмаймын. Әрқайсысының Олимпиадаға қатысуға еңбегі сіңген. Бокста әр түрлі жағдайлар кездеседі. Жеребеге де көп нәрсе байланысты. Біздің тапсырма, кемі бір алтын, бір күміс, бір қола медаль алу. Негізі мүмкіндік болса, одан да жоғары нәтиже көрсету. Әрбір боксшының жүлде алатын қабілеті бар», - деді бас бапкер.

Париж Олимпиадасына Қазақстан ерлер құрамасынан мына боксшылар қатысады: Cәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі).