Ангелина Лукас арадағы жанжалдан кейін Қазақстанның ең сұлу боксшысына өзі барды

Редактор
24.07.2024, 14:51

Боксшы жекпе-жек алдында салмақ өлшеу рәсімінен өтті

tengrisport.kz

Кәсіби бокста жүрген еліміздің ең сұлу спортшыларының бірі  - Балауса Мұздыман 25 шілдеде WBA Asia титулына таласады. Боксшы жекпе-жек алдында салмақ өлшеу рәсімінен өтті.

Жекпе-жек Таиландта өтеді. Балаусаның салмағы – 53, 523 келі болды. Отандасымыз жергілікті былғары қолғап шебері Джиттамат Пхомтамен кездеседі. 

Ресми салмақ өлшеу рәсіміне тағы бір қазақстандық боксшы қыз Ангелина Лукас барды. Екеуі былтыр күзде Петропавлда өткен Қазақстан спартакиадасында келіспей қалған еді. Бұл дау әлеуметтік желіде біраз талқыға түскен.

Бұған дейін Лукас Бангок қаласында өткен бокстан Париж Олимпиадасының соңғы іріктеу кезеңінде Назым Қызайбайдың да жекпе-жегін тамашалаған еді. Ангелина мен Назымның арасында да жанжал бар. 

Еске салайық, Назым Қызайбай мен Ангелина Лукас ұлттық құрамада бір салмақта өнер көрсеткен еді. Сол кезде екеуінің арасында дау-дамай туындап, арты шуға ұласқан болатын.

Алдымен Ангелина Лукас желі арқылы үндеу жолдап, өзінің командадан қуылғанын, мұның артында Қызайбай мен оның жақтастары тұрғанын айтқан еді. Назым болса, Ангелина мен оның бапкері ол жататын бөлмеге белгісіз порошок сеуіп кетті дегені бар.