Ангелина Лукас Лейла Әли иелік еткен титул үшін жекпе-жек өткізеді

Редактор
16.01.2024, 08:41

Қазір ол аталған кездесуге қызу дайындалып жатыр

instagram.com/angelina_lukas1997/

Кәсіпқой бокстан қыздар арасында аса жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Ангелина Лукас (5-1) өзінің келесі жекпе-жегі қашан өтетінін мәлімдеді.

Лукас қаңтар айының соңында пәкстандық боксшы қызбен шаршы алаңға шығып, WIBA титулын сарапқа салады.

«Сіздерге жақсы жаңалығым бар, мен шаршы алаңға 31 қаңтарда ораламын. Бұл менің мансабымдағы жетінші жекпе-жегім және мен WIBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына таласамын. Кезінде бұл титулға Мұхаммед Әлидің қызы Лейла Әли, бокстан әлемнің абсолютті чемпионы Наталья Рогозина иелік еткен. Бұл нағыз әйелдер титулы. Сондықтан мен бұл титул үшін жұдырықтасатыныма қуаныштымын», - деп жазды Лукас өзінің Instagram-парақшасында.

Қазақстандық боксшы қыздың қарсыласы – пәкстандық 24 жастағы Рома Юсаф (5-0-1).

Айта кетейік, Ангелина Лукас соңғы жекпе-жегін былтыр қазан айында Түркияда өткізіп, Чили боксшысы Даниэл Асенходан жеңіліп қалған болатын.