«Арсеналдың» бас бапкері «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы өнеріне баға берді

Редактор
27.01.2026, 22:31

Ол алматылық ұжымның «Реалға» қарсы ойынын еске алды.

Getty Images. Микель Артета

«Арсеналдың» бас бапкері Микель Артета алматылық «Қайраттың» Еуропаның алпауыт клубтарына қарсы ойынына жоғары баға берді.

Испаниялық маманның сөзінше, Қазақстан чемпионаты үш ай бұрын аяқталғанына қарамастан, «Қайрат» азулы командаларға лайықты қарсылық көрсетіп келеді.

«Чемпиондар лигасында әлсіз қарсылас болмайды. Қай команда болсын жеңіске жету үшін қатысады. «Қайраттың» жағдайы сәл бөлектеу, себебі олардың ұлттық чемпионаты осыдан бірнеше ай бұрын аяқталды. Соған қарамастан мен олардың «Реал» және «Интерге» қарсы ойындарын көрдім, алматылық ұжым бұл командаларға біраз қиындық туғызды. Ертең де соған ұқсас ойын күтеміз», – деді Артета.

Сондай-ақ «Арсенал» бапкері алдағы матчқа командасының толық дайын болатынын жеткізді.

«Біз алаңға бабымызда шығуымыз керек. Тағы да жеңіске жеткіміз келеді. Біздің мақсат – жеңіске жету», – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, «Арсенал» – «Қайрат» матчы Астана уақытымен 29 қаңтарға қараған түні өтеді. Кездесу 01:00-де басталады.

«Арсенал» жеті ойында жеті рет жеңіске жетіп, 21 ұпаймен көш бастап тұрса, «Қайраттың» еншісінде әзірге 1 ұпай ғана бар.

Реклама
Реклама