Отандасымыз 2023 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған
Жақында ғана үйлену тойын өткізген еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан қажылық сапарға барды. Бұл туралы белгілі спортшы желіде сурет жариялады.
Отандасымыз Меккеге барып, Қағбаның қасында түскен суретін көпшілік назарына ұсынды. Онда тек «Құдайға шүкір» деген жазба қалдырған.
Отандасымыз сәуір айының 20-сы күні той жасап, көптеген спорт жұлдыздары құрметті қонақтар қатарынан орын алған еді. Балуанның жары да спортшы, гимнастикадан спорт шебері екені белгілі болды.
Ризабек Айтмұқан наурыз айының соңында Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған болатын. Ол финалда жапон балуанына есе жіберіп, өз мансабында Азияның үшінші мәрте күміс жүлдесін еншіледі.
Отандасымыз 2023 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы. Спортшы Париж Олимпиадасына қатысудан үмітті болғанымен, былтыр ақпан айында өткен ел біріншілігінің финалында Әлішер Ерғалиға ұпай саны бойынша есе жіберді.