Карлсен өзінің соңғы партияға қатыспау туралы шешіміне де түсініктеме берді
Әлемдік рейтинг көшбасшысы, норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваға қарсы соңғы партияны ойнаудан бас тартып, классикалық шахматтағы рейтингінің 2800 ұпайдан төмендеп кетуіне жол бермеді.
Оқиға Венгрияның Будапешт қаласында өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінде болды.
Қарсыластар жылдам классика форматындағы партияны өткізуі керек еді. Алайда оған дейін Карлсен блицте үш рет жеңіске жетіп, бір рет тең ойнады. Сондай-ақ рапидтегі екі кездесуде де қарсыласынан басым түсті. Осылайша норвегиялық шахматшы 11,5:0,5 есебімен мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Асаубаева соңғы партияда сегіз ұпай еншілегенімен, матчтың алғашқы күніндегі жалпы есеп Карлсеннің пайдасына 11,5:8,5 болып аяқталды.
Айта кетейік, Карлсеннің классикалық шахматтағы қазіргі рейтингі – 2801,2 ұпай. Егер Бибісара Асаубаева соңғы партияда кем дегенде тең нәтижеге қол жеткізгенде, норвегиялық гроссмейстер 17 жылдан бері алғаш рет 2800 ұпайлық межеден төмен түсуі мүмкін еді.
Карлсен өзінің соңғы партияға қатыспау туралы шешіміне де түсініктеме берді. Норвегиялық шахматшының айтуынша, матчтағы жеңімпаз алдын ала анықталғандықтан, қалған партияны өткізудің мәні болмаған.
«Менің түсінуімше, классикалық партия болмайды, яғни матч аяқталды. Сенің келмегенің үшін болатын жалғыз салдар – ешқандай мәні жоқ партияда жеңіліс табасың. Егер бұл әлем чемпионаты болып, нәтиже ұпайларға әсер етсе, онда мұндай шешімді түсінуге болар еді.
Алайда бұл шоу-турнир емес. Матч аяқталса, демек, бәрі бітті. Оның үстіне, бұдан кейін ойналатын партиялар рейтингке есептелмеуі керек, өйткені бұрыннан қалыптасқан тәртіп осындай. Егер бұл жолы ұйымдастырушылар басқа ережемен жұмыс істегісі келсе… Жарайды. Бұл мәселеге қатысты менің ұстанымым осындай», – деді Карлсен TV2 телеарнасына берген сұхбатында.
Еске салайық, бүгін Бибісара Асаубаева мен Магнус Карлсен екінші ойын күнінде тағы жеті партия өткізеді. Бағдарлама бойынша төрт кездесу блицте, екеуі рапидте және біреуі жылдам классика форматында өтеді.