Екі күнге созылған текетіресте Магнус Карлсен жеңіске жетті
Өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаров Будапештте (Венгрия) өткен Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінде әлемнің 16-чемпионы Магнус Карлсенмен кездескен қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваға қолдау білдірді.
Асаубаева Telegram-дағы парақшасында Синдаровтың бейнеүндеуін жариялады. Өзбекстандық шахматшы қазақстандық спортшының әйгілі қарсыласына қарсы ойынына әзіл араластыра баға беріп, дебюттегі дайындығын ерекше атап өтті.
«Шынымды айтсам, біз, достарың, сені ол жақта аздап жерлеп те қойдық. Жарайсың, мен сені мақтан тұтамын. c5, c6 жүрістерін өте жақсы бастадың. Ақылды қызсың», – деді Синдаров.
Асаубаеваның айтуынша, бірнеше партияда жеңіске жетуге жақсы мүмкіндіктері болған. Алайда рапид пен блицте бір-бір партиядан ғана тең аяқтай алды.
«Маған соншалықты сенеді екен, тіпті не дерімді білмеймін. Ал шындап айтсам, қолдау білдірген баршаңызға рақмет. Соңғы күндері қолдауларыңыз өте көп болды», – деп жазды Асаубаева.
Екі күнге созылған текетіресте Магнус Карлсен жеңіске жетті. Норвегиялық гроссмейстер қажетті басымдықты мерзімінен бұрын қамтамасыз еткен соң жылдам классика форматындағы соңғы партияға екі рет шығудан бас тартты. Алғашқы күні ол 11,5:8,5 есебімен басым түссе, екінші күнгі кездесуді 10:2 есебімен аяқтады.
Жеңіліске қарамастан, Бибісара Асаубаева турнирдегі өнерін жалғастырып, 19-орын үшін бақ сынайды. Ал Магнус Карлсен 17-орынға таласады.