Еркебұлан Тоқтардың келесі қарсыласы белгілі болды
Қазақстандық актер әрі ММА файтері Еркебұлан Тоқтардың келесі жекпе-жегі ресми түрде жарияланды. Оның қарсыласы ресейлік поп-ММА өкілі Магомед Зайналов болады.
«Веном» лақап атымен танымал Зайналов пен Еркебұлан Тоқтар 12 желтоқсанда Алматыдағы «Алматы Аренада» өтетін IBA Nomad турнирінде кездеседі. Жартылай орта салмақтағы жекпе-жек ресейлік спортшы үшін аталған ұйымдағы алғашқы айқас болмақ.
Бұған дейін Зайналов қазақстандық файтерге қарсы жекпе-жек өткізуге ниетті екенін білдіріп, оны жергілікті жанкүйерлердің көзінше жеңуге уәде берген еді. Еркебұлан Тоқтар да бұл шақыруды әзіл аралас қабылдаған болатын.
Еркебұлан Тоқтар соңғы жекпе-жегін 28 тамызда Астанада өткізді. Кәсіпқой бокс ережесі бойынша өткен кездесуде ол өзбекстандық файтер әрі блогер Бобиржон Исроиловты екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Қарсыласы жекпе-жек барысында төрт рет нокдаунға түсті.
Ал Магомед Зайналов соңғы рет 24 қазанда Иркутскіде өткен «Сибирский легион. Новое кумите» турнирінде өнер көрсетті. Ол чемпиондық белдесуде жергілікті спортшы Руслан Гусейновқа есе жіберді.