Қазақстанда футбол деңгейі нөл. Айболдың “крышасы” кім? Шалдар, кетіңдер!

Қазақ футболындағы «Лестер» ертегісі. «Елімай» феномені жайлы

26.09.2024, 16:20

Семейліктер келесі жылы Чемпиондар лигасында доп тебуді көздейді

Қазақ футболындағы «Лестер» ертегісі. «Елімай» феномені жайлы
Елімай ФК

Семейлік «Елімай» футбол клубының басшылары маусым басында алдына қандай мақсат пен жоспар құрғанын айтқанда, көпшілік «бұл қалай болар екен» деген екіұдай ойда болған.

Қазір сол сөзінде тұрып, ҚПЛ-де көш бастап келеді. Қазақстан кубогының жартылай финалында сүрінді демесеңіз, Қазақстан лигасы кубогының (жаңа турнир) финалына шығуға жақын қалды. Қысқасы, семейліктер биыл үш фронтта да сәтті ойнап, көрермен көзайымына айналды. Былтыр Қазақстан бірінші лигасында ешкімді бет қаратпаған «Елімай» ҚПЛ қатарына қосылғанда ұзақ жылғы тығырықтан әзер шыққан ағылшындардың «Лидс» клубы қайта оралғандай қуандық. Былтыр Бірінші лигада, биыл ҚПЛ-де көш бастап келе жатқан семейліктердің екпініне қарап, «Лестер» ертегісі Қазақстанда да қайталана ма деген ой келеді.

Бұл – ескі һәм жаңа «Елімай». Команда жаңадан құрылғанымен, қаласы да, стадионы да, жанкүйері де, тіпті клуб атауы да бұрынғыдай. Де-факто бұрынғы «Елімай» болғанымен, де-юре жаңа клуб. Тіпті, кезінде атойлаған «Елімай» сапында ойнаған Андрей Карпович, Борис Глушков, Сергей Бойченко, Андрей Орлов, Сергей Вишняков, Сергей Еремин сынды ардагерлер қазір семейлік клубтың құрамында әртүрлі лауазымда отыр. Сондықтан, қазіргі «Елімай» ескі мен жаңаның сабақтастығы деуге әбден болады.

Биыл ҚПЛ-де қып-қызыл майдан. «Ордабасы» чемпиондығын қорғағысы келеді, «Ақтөбе» биігіне қайта шыққысы келеді, «Қайрат» қай кездегідей таластан түспейді, «Астана» әдеттегідей трофей алғысы келеді. Енді бұл қатарға «Елімай» қосылып, мәре жақындаған сайын қамшы салдырмай келеді. Чемпиондыққа үміт «Тобыл» мен «Атырау» клубтарында да бар. Демек, биыл жеті команданың жарысын тамашалаймыз. Мұндай тартысты чемпионат бұрын-соңды болмағандай. Айқайға қиқу қосатын жанкүйерлер үшін табысты маусым деп айтуға әбден болады.

Бүгін біз «Елімай» туралы айтпақпыз. ҚПЛ аясында соңғы бес матчында қатар жеңіп, сәтті сериясын бастаған семейліктерге не әсер еткенін таразылап көрелік. Қысқасы, «Елімай» феномені неде? Қандай факторлар әсер етті? Сәтті маусымның соңы тәтті трофейге ұласа ма?

Ескі һәм жаңа «Елімай»

Қазақ даласында ең алғашқы футбол клубы Семей қаласында құрылған. Тіпті, ХХ ғасыр басында құрылған «Жарыс» командасының қатарында қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов те жартылай қорғаушы болып доп тепкен.

Семей мен футбол – егіз ұғым. «Елімай» клубының әр матчында стадион жанкүйерге лық толатыны сондықтан. Тіпті, тәуелсіздік алған жылдары «Елімай» клубы ел футболында бірқатар рекорд орнатты. Семейлік команда алғаш болып Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанып (1994, 1995, 1998), бір маусымда бірінші болып (1995) ұлттық біріншіліктің алтынын, оған қоса Қазақстан кубогы мен Суперкубогын жеңді.

Семейліктер үшін әр футбол матчы болған күн мерекеге айналды. Қала футболмен тыныстады. «Елімай» – елдің қуанышы, тіпті қазақ футболының шамшырағына айналды. «Елімай» командасын тек семейліктер емес, Қазақстанның басқа өңірінен де қолдайтындар табылды.

Әттеген-айы сол, 90-жылдардың аяғында оңтайластыру саясаты жүріп, алдымен Семей облыс мәртебесінен айырылып, артынан мұқым қазақтың мақтанышына айналған «Елімай» клубының да басынан бақ тайды. Футболшылары жан-жаққа тарап, кейбірі қара жұмысқа жегілді. Көптен береке тайып, стадионнан мереке қашты. Жүз мыңдаған жанкүйері бар «Елімай» құрдымға кетті. Тұрмысы шатқаяқтаған тұрғындар футбол дейтін қызығынан да қағылды.

Арада 20 жыл өткен соң бұрынғы Абай облысы қайта құрылып, семейліктер жоғалтқанымен қайта қауышты. «Елімай» қайта құрылып, жанкүйерлер жоғын түгендеді.

Инфрақұрылым һәм селекция

Қазір «Елімай» клубының әрбір матчы жанкүйерге лық толы стадионда өтеді. Билеттер сатылымға шыққан бетте түгесіліп, семейлік команда кімге қарсы ойнаса да стадион толы перформансқа ұласады. Аренаға сыймай қалған мыңдаған жанкүйер командасына стадион маңында болысып, матч аяқталғанша маза таппайды. Демек, «Елімай» деп ентелеген жұрттың қажетін өтеу үшін 20 мың адам сыятын стадион керек.

Бұған дейін Семейдегі «Пищевик» деп аталатын ескі стадионның орнына 12,5 мың адамға арналған жаңа спорт кешені салынатыны туралы ақпарат тарады. Семей жұрты бұл жаңалыққа балаша қуанып, заманауи стадионның ашылуын тағатсыздана күтіп жүр. Алайда, жаңа спорт кешені 15 мың адам сыятындай кең болса деген тілегі де бар.

Одан бөлек, Семей әуежайына апаратын жолдың бойында төбесі жабық манеж бен ашық футбол алаңының құрылысы аяқталуға жақын.

Футболды дамыту Семей қаласында ғана емес, Абай облысының басқа аудандарында да жүріп жатыр. Жуырда «Alan» бағдарламасы аясында Аягөзде футбол алаңы ашылды. Ал Жарма ауданында жаңадан стадион салу жоспары бар.

Балалар мен жасөспірімдерге де жағдай жасалып отыр. Қазір Семейдегі футбол орталығында 1000-ға жуық оқушы жаттығып жүр. Орталық филилы аудандарда да ашылып, нәтижесін де беріп жатыр. Жуырда Абай облысының 10 жасқа дейінгі құрамы Қазан қаласында өтетін EAST CUP финалына шықты. Сауд Арабиясы, Әзербайжан және Қырғызстан атынан шыққан қатарластарын жеңді.

Биыл мамыр айынан бастап «Елімай» базасында 4-6 жастағы балаларды футболға баулитын бағдарлама іске қосылды. Бұл бағдарламаны 10 балабақша қолдап, қазір мыңдаған бүлдіршін доп теуіп жүр.

Бәрінің артында «Елімай» тұр. «Елімай» – облыстағы футбол флагманы, доп қуған әр баланы арманына жетелейтін локомотив.

Менеджмент һәм махаббат

Әлемге әйгілі «Реал Мадрид» клубында футболшылардың физикалық дайындығына жауапты Антонио Пинтус дейтін маман бар. Сол маманды аттай қалап алдырғысы келетін ТОП клубтар да жетерлік. 120 минут доп тепсе де шаршамайтын, күші сарқылмайтын «Реал» футболшыларының құпиясы осы Антонио Пинтустың «сиқырлы» әдістемесінде жатқан көрінеді. Тіпті, «Манчестер Сити» бас бапкері Пеп Гвардиола штабына қосуды армандап жүр.

Қазір футбол осындай. Командада мықты футболшылар ғана емес, мықты мамандар да болуы қажет. «Елімай» штабы да осындай мамандармен толықты деуге әбден болады. «Елімай» бас бапкері Андрей Карпович айналасына кіл мықтыларды жинап жатыр. Қазіргі клубтағы дәрігер Александр Корнилов алматылық «Қайрат», ресейлік «Сочи» клубтарында тәжірибе жинаған мықты маман деседі.

Аналитика мен тактикаға жауапты Магомед Нозадзе де «Астана», «Қайрат» сапында қызмет атқарған. Қазір «Елімай» командасының миы. Қарсылас команданы зерттейтін, оған қарсы тактикалық амал-айла әзірлейтін маман. Биыл ҚПЛ-де «Елімай» клубынан бөлек бес матчта қатар жеңген команда жоқ. Оған Магомед Ноадзенің қосқан үлесі зор.

Бас бапкер Андрей Карпович, қақпашыларды жаттықтыратын Сергей Бойченко, физикалық дайындыққа жауапты Борис Глушков - бәрі де Семей футболының түлегі, кезінде атой салған «Елімай» сапында ойнаған ардагерлер. Сондықтан, бұл жерде кәсіби менеджмент клубқа деген махаббатпен ұштасып отыр.

Ротация һәм ашық бәсеке

«Елімай» командасы былтыр Бірінші лиганы жеңген құраммен ұзаққа бара алмайтынын анық білді. Бірақ бәріне бірдей «талақ» айтпай, үздіктерін командада сақтап қалды. Сондай-ақ ҚПЛ-ге қосылған команда құрамына Дмитрий Шомко, Роман Муртазаев, Аслан Дарабаев, Сергей Кейлер секілді қазақстандық тәжірибелі ойыншылар қосылды. Иван Свиридов, Юрий Перцух, Жан-Әлі Пайруз сияқты отандық футбол таланттары «Елімай» қатарын толықтырды.

Клуб скауттары легионерлерді де әбден зерттеп, клубты сүйрей алатын мықтыларды ғана шақырды. Фернандес, Шина, Майком, Коваль, Одеоибо, Рейес, Корнетт – соның дәлелі.

Андрей Карпович әр позицияда бәсеке орнатып, отандық футболшылар мен легионерлерді бір мақсат жолында біріктіре алды. Кім бабында – сол ойнады. Кім лайықты – сол алаңға шықты. Роберт Тамб, Сада Тиуб секілді көп жалақы алатын футболшылардан дер кезінде құтылып, ашық ротацияға жол ашты.

Дәл қазір «Елімай» құрамы жағынан «Астана», «Ордабасы», «Ақтөбе» командаларынан кейін тұрған клуб. Семейлік команда жұмсалған қаржыны, құйылған инвестицияны тиімді жұмсап, дәл қазір Қазақстан чемпионатында көш бастап келеді.

«Елімай» биыл чемпион болмаса да, жыл командасы болуға әбден лайық. Қазақстан кубогы мен Қазақстан лига кубогының жартылай финалына жеткен, ел чемпионатында көш бастап келе жатқан команда өте сәтті маусым өткізді деп қазірден бастап айтуға болады.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам