Ол ақтық сында әзірбайжандық балуаннан жеңілді
Қазақстан дзюдошысы Шерзод Давлатов Бакуде бүгін басталған әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Отандық татами шебері финалда әзірбайжандық Ахмад Юсуповке есе жіберіп, өз мансабында алғаш рет ірі турнирде үздіктер қатарына қосылды.
Ол белдесу басталған сәттен бастап белсенділік танытып, вазари ұпайын еншіледі. Қарсыласының әдіс жасамауына байланысты төреші Юсуповке екі мәрте ескерту жасады. Алайда, белдесудің ортасына таман жерлесіміз оқыстан әдіс жасаған тұста оны қарсыласы сәтті пайдаланып, өз пайдасына шешті.
Белдесуден кейін Давлатов өзінің ойының толық жүзеге аспағанына өкініш білдіріп, асығыстық танытқанын алға тартты.
«Мен есепте басым түсіп жатқан сәтте бапкерлерім жеңісті сақтап қалу туралы айтумен болды. Бұл жерде басты кінә менің қателікке бой алдыруымда, соның салдарынан нәтиже өзгеріп кетті. Бір вазари ұпайын алған соң мен асыға бастадым. Сол сәтте мұны қарсыласым тиімді пайдаланып кетті. Мұндай қателікті дзюдо кешірмейді. Бұл мен үшін өте ауыр жағдай. Өздеріңіз көргендей, мен тек белсенділік танытып, шабуылдауды ғана көздедім», - деді Шерзод Давлатов.
Бүгінгі іріктеу бәсекелерінде Шерзод Давлатов Тәжікстан және Бурунди дзюдошыларын жеңсе, 1/8 финалда Бразилия балуаны Мишель Аугустодан айласын асырды. Ал ширек финалда франциялық Ромен Валадье-Пикардан мықты екенін татамиде дәлелдей алды. Жартылай финалда өткен жылғы әлем чемпионы, жапониялық Рюджи Нагаяманы жеңді.
Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасынан Аман Бақытжан (60 кг), Абиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева (екеуі де 48 кг) іріктеу кезеңдерінде сүрініп, жүлде үшін күресу мүмкіндігінен айырылды.