Ол «Қайраттан» кеткен соң бірден «Страсбурге» жалға берілуі мүмкін
Ағылшынның TheChelseaChronicle.com басылымы лондондық «Челси» командасы қазақстандық жас шабуылшы Дастан Сәтпаевты өз жүйесіне толық қоспай тұрып, алдымен Францияның «Страсбур» клубына жалға беруді жоспарлап отырғанын хабарлады.
17 жастағы Сәтпаев келесі жылы, яғни 18 жасқа толған соң «Челси» қатарына ресми түрде қосылуы керек. Қазіргі таңда ойыншының трансферлік құқығы толықтай лондондық клубқа тиесілі.
«Ол «Қайраттан» кеткен соң бірден «Страсбурге» жалға берілуі мүмкін. Бұған дейін бұл клубта «Челсидің» Сантос, Кендри Паэс және Майк Пендерс секілді жас таланттары да ойнаған болатын. Кейін олардың барлығы «Стэмфорд Бридждегі» негізгі құрамға қосылу мүмкіндігіне ие болды», - деп жазады ағылшын басылымы.
Сонымен қатар «Челсиде» Сәтпаевпен жеке жұмыс істейтін маман бар екені айтылған. Ол жас ойыншының шеберлігін арттыруға көмектеседі. Алдағы уақытта «Қайрат» сапында Сәтпаев Еуропаның үздік клубтарына қарсы ойнайды, себебі алматылық ұжым Чемпиондар лигасында «Интермен» және «Арсеналмен» кездеседі.
Айта кетсек, «Страсбур» Франция чемпионатының 9 турында 16 ұпаймен 9-орында келеді.