
Қазір көрші елде үлкен қуаныш, үлкен той. Ұлттық құрамасы әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды. Бұл - тек Өзбекстан үшін ғана емес, бүкіл Орта Азия үшін тарихи жетістік. Соңғы 10 жылдағы кешенді жұмыстардың жемісі. Қызығасың әрі қызғанасың.
Ал, біздің халық неге осылай қуанбайды? Біздің эмоциямыз неге ұрланды? Біздің бақытымыз неге сатылып кетті? Иә, тура мағынасында ұрланып әрі сатылып кетті. Соңғы 18 жылда қазақ футболына 700 млрд тг қаржы бөлінген. Оның бәрін аға-көке мен Мәке-Жәке қалтасына басты. Олар өзінің ғана қамын ойлап, бүкіл халықты қуанышынан айырды. Қазақ футболының ақшасын жейміз деп, қазақ футболының болашағын да бірге жеп қойды. Бұл – нағыз сатқындық.
Өткен нәрсе өтті дейік. Ал, қазір нақты жоспар бар ма? Хоть 10 жылдан кейін не 20 жылдан кейін осы биікке шыға аламыз ба? Әрине, жоқ. Бұлар сеніммен қатар, үмітімізді де жоқ қылды. Иә, кішігірім жобалар қолға алынады. Бірақ, оның соңын білеміз. Барлығы әбден майшелпекке айналдырып, ішіп-жеп, ойнап-тойлап, үрім бұтағымен тойғаннан кейін аяқсыз қалдырады.
Не деген ашкөздік деймін? Қазақ футболынан «тема» жасап отырғандар әбден тойынып, құсатын уақыты жетті ғой. Жоқ. Ары қарай да тоқтамау қажет. Тіпті, биыл арнайы заң да қабылданды. Облыстарда футболға бөлінетін қаржы 1,2 млрд тг аспауы қажет немесе бюджет қаржысына легионерлер алынбау қажет деген сияқты. Оған паралель біз күнделікті небір мәселені көтереміз. Пысқармайды. Жеу керек, жеу керек және тағы да жеу керек.
Расымен де, өзбектерге қызғана қарайсың. Өйткені, халықтың қазіргі шаттығы мен қуанышы және болашаққа деген сенімі ешбір ақшамен өлшенбейді. Оны сатып алу мүмкін емес. Сатып жіберу мүмкін екеніне көзіміз жетті. Бірақ, сатып ала алмайсың. Осыны біздің футболдың басы-қасындағылар қашан түсінеді екен? Өзінің емес, елдің мүддесін жоғары қоятын уақыт бола ма? Қазақ халқы неге осындай бақытқа лайық емес? Ал, әлгілер өз мүддесін ел мүддесін жоғары қойып, бүкіл халықты бақыттан айыруға қандай хақы бар?