43 жастағы Головкин әзірге мансабын аяқтайтынын ресми жариялауға асықпай отыр
Геннадий Головкин World Boxing президенті сайлауында жеңіске жеткеннен кейін мансабын аяқтау, қоштасу жекпе-жегі және ҰОК-тегі болашағына қатысты ең өзекті сұрақтарға өзі нүкте қойды.
Геннадий Головкин World Boxing президенті сайлауында қолдау білдірген барша қазақстандыққа алғыс айтты.
«Боксты жақсы көретін жанкүйерлерге, жерлестеріме, бүкіл Қазақстанға алғыс айтамын. Алда қай жерде тұрғанымызды анықтап, дамудың жаңа бағытын белгілейміз», – деді ол.
43 жастағы Головкин әзірге мансабын аяқтайтынын ресми жариялауға асықпай отыр. Қазақстанда қоштасу жекпе-жегін өткізу туралы сұраққа да нақты жауап бермеді.
«Алдымен World Boxing ұйымының нақты позициясын түсінуіміз керек. Барлық құжатпен танысып, жалпы жағдайды толық көрген соң ғана шешім қабылдаймыз. Қазір: “Аяқтаймын” немесе “жалғастырамын” деп кесіп айта алмаймын. Уақыт көрсетеді», – деді ол.
Қоштасу жекпе-жегі туралы:
«Бұл тақырып әрдайым күн тәртібінде. Сондықтан, жігіттер, үміт үзбеңдер», – деді ол.
Ресейлік Умар Кремлев басқаратын, ХОК мүшелігінен айырылған IBA турнирлеріне қатысу мәселесін де түсіндірді.
«Алдымен құқықтық жағдаятты түсінуіміз қажет. World Boxing қай деңгейде тұр, қандай кезеңде — соның бәрін нақтылау керек. Мен спортшы ретінде айтарым: мен әрқашан спортшылар жағында боламын. Оларға жақсы болатындай барлық жағдайды жасауға тырысамын», – деді GGG.
Головкин Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті президенті қызметін әзірге тоқтатпайды.
«Мен мұнда тек жігер беру үшін келмеймін. Спортшылардың жанында болу — мәртебе. Мен бірінші кезекте ҰОК-ті таныстырамын. Спортшыларға: “Барлығы мүмкін, өздеріңе сеніңдер” дегенді жеткізгім келеді. ҰОК-та қалуға бар күшімді саламын. Мақсат бар, тәжірибе бар. ХОК-пен бірлесіп, ҰОК-ті жаңа деңгейге шығардық. Позициямызды жоғалтпаймыз деп сенемін. Елдің де, жанкүйердің де қолдауы бар — алға қарай жүре береміз. Жоспарларымыз үлкен», – деп қорытындылады ол.