«Челси» қазақстандық футболшыға жаңа клуб іздеуге кірісе ме?
Бір күнде қатар ұпайдан қағылған «Челси», «Сити», «Брайтон» кейсі
«Бұрын бәрі ішетін, шегетін. Есесіне жанын салып доп тебетін. Қазір ішіп-шекпейді, бірақ футболды да жарытпайды». Ресейлік Валерий Карпиннің сөзі.
Бәрі деп айту қиын. Бірақ Карпиннің сөзін ішінара растайтын сарапшылар жеткілікті. Әсіресе, күні-түні GTA, FIFA, Fortnite қуалайтын геймерлер мен гиктердің заманында Карпиннің сөзі өзекті бола түсті.
Англиядағы «алқаштар»: Фергюсон мен Венгер факторы
2000 жылдарға дейін ішетін-шегетін футболшылардың болуы қалыпты дүние еді. Алекс Фергюсон «сэр» мәртебесін алғанша «Манчестер Юнайтед» клубында түнгі клуб жағалайтын, алкогольге әуес талай футболшының карьерасын түзеді. Брайан Робсон мен Норман Уайтсайд сол «алқаш» буынның көрнекі өкілдері. Қолы қалт етсе сыралатып, вискилетті. Паб жағалап ішті. Сол кезде «әй дейтін әже» рөліне Фергюсон кірісті. Басқа бапкерлер футболшыларымен қосылып ішіп жүргенде Алекс Фергюсон жетістіктің жолы профессионализм екенін дер кезінде білді.

Алекс Фергюсон мен Райан Гиггз (фото: Martin Rickett/PA)
Сосын не істеді? Клубта арнайы штат ашып, ойыншылардың жеке өмірін аңдитын «сталкер» жалдады. Манчестердегі түнгі клубтар мен паб әкімшілігінің бәрімен мәмілеге келіп, думандатқан МЮ футболшылары жайлы дер кезінде ақпарат беруін өтінді. Кейде Ферги мас күйде қыз-қырқынның ортасында тойлатып жатқан футболшылардың үстінен түсіп, үйіне тарқатты. Кейде клубқа жасырынып барған футболшыларды ертеңіне жаттығу кезінде әшкереледі. Фергюсоннан бірдеңе жасыру мүмкін емес еді.
Кейде футболшылар түнгі клуб пен пабтарға «талақ» айтып, ел-сал отырысты үйінде жасайтын болды. Райан Гиггз бен Ли Шарп аста-төк дастарханды алкогольмен толтырып, үйінде тойлатып жатқан көңілді отырыстың сәнін Фергюсон келіп бұзғанын қазір естелік қылып айтады. Сол кезде Гиггзды «ұстап» берген командаласы да емес, келген мейманның бірі де емес, туған анасы болып шыққан. Фергюсон бәрін уысында ұстаған.
1996 жылы Англияға басынан бақайына дейін профи мсье Арсен Венгер келді. Екі жыл Жапонияда қызмет атқарған француз «Арсенал» футболшыларын жаман әдеттен тыйылып, бар күші мен зейінін футболға бұруға шақырды. Фергюсон алкогольмен күрессе, Венгер рационнан фастфуд пен тәттіні алып тастады. Арақ-шарапқа екі бастан тыйым салды.
«Арсенал» капитаны һәм лидері Тони Адамс нағыз «алқаш» болатын. Арсен Венгер команда жасау үшін алдымен ағылшын футболшысын «емдеу» керегін түсінді. Сосын басқаларын да ретке келтірді (Войцех Щенсныйға темекісін қойдыра алмады, поляк әлі бұрқыратады).

“Арсенал” аңызы Тони Адамс (фото: Getty Images)
Фергюсон мен Венгердің неге ұмтылғанын осыдан түсінуге болады. 1992-2005 жылдар аралығында Англияда чемпиондыққа тек екі команда таласты: «Арсенал» және «Манчестер Юнайтед» (1995 жылы Англия чемпионы болған «Блэкберн» клубына темірдей тәртіп емес, атақты сұрмерген Алан Ширер феномені көп ықпал етті).

1992 жыл, Пол Гаскойн мен Диего Марадона (фото: PA Images)
Қазір жағдай қалай? Алаңға мас күйде шығатын Пол Гаскойн мен Диего Марадона заманы артта қалды. Бұрын ішу-шегу «норм» болса, қазір «стрем». Ешкім сені аңдымайды. Джек Грилиш сияқты бірен-саран футболшылар болмаса, қалған футболшылар шетінен профи.
NBA, NFL лигаларында жарақат күрт көбейді
Қазір бұрынғы алқаштардың орнын геймерлер басты. Басқан жоқ, қаптады. Әсіресе, бұл үрдіс GTA жаңартылғанда қатты белең алды. Видеоойын кәсіби футболшылардың ұйқысын ұрлап, режимін бұзды. Ойынға басымен кіріп кеткен футболшылар 19 қарашадан бастап өртеңге шыққан шөптей қаулады. Бір мүшелден (13 жыл) соң жаңартылған GTA релизі футбол маусымының қызған шағына дөп келді.
«Ливерпуль» шабуылшысы Александер Исак 19 қарашадан бастап ешкімге жауап бермейтінін мәлімдеп, бос уақытын GTA-ға арнайтынын ашық айтты. «Арсенал» лидері Деклан Райс таңғы сағат 4-ке дейін GTA ойнайтынын мойындады. МЮ шабуылшысы Брайан Мбемо мен «Реал» қақпашысы Тибо Куртуа жаңартылған GTA релизі жарияланған сәттен бастап әлеуметтік желілерде фото жүктеп, ұйқы орнын видео ойын басқанын көрсетті.

Александер Исак (фото: IMAGO)
Спорт медицинасы мұны құптамайды. Мамандар таң атқанша консоль алдында отыру режимді бұзып қана қоймай, физикалық тұрғыда өте қиынға соққан матчтардан кейін ағзаның қалпына келу процесін айтарлықтай тежейтінін айтады. Ал футболшының ағзасы келесі матчқа дейін қалпына келіп үлгермесе, оның соңы ауыр жарақат алуға соқтыруы әбден мүмкін. Америкадағы NBA, NFL лигаларында GTA жаңа нұсқасы шыққаннан бастап жарақат алған спортшылардың саны күрт көбейгені байқалды. Дәл осындай жағдай Еуропа футболына төнуі де әбден мүмкін.
Футболшылардың жеке өмірі және профессионализм
«Арсенал» бас бапкері Микель Артета жағдайды бақылайтынын айтты. «Лилль» бапкері Давиде Анчелотти тікелей тыйым салмаса да, командамен кәсібилік және клуб алдындағы жауапкершілік жайында бөлек әңгіме қозғайтынын айтты. «Лацио» бас бапкері Дженнаро Гаттузо футболшылардың бос уақытын қалай өткізетініне араласпайтынын, алайда ұйқы режимін бұзатын футболшылармен жеке сөйлесетінін жеткізді.

GPS трекер таққан Пер Мертезакер (фото: Getty Images)
Кәсіби клубтар ұйқы режимін бұзған тентектерді тезге салу үшін WHOOP білезігін, Oura сақинасын және GPS трекерлерді пайдаланады. Бұл құрылғыны алдау мүмкін емес. Нағыз режим пробациясы. Консоль алдынан шықпай, арзан дофамин үшін түнімен экранға телмірген спортшының жағдайын әп-сәтте әшкерелеп береді. Ұйқың қанбаған ба? Жүйке талшықтары демалмаған ба? Жүрек ырғағы қалыпты ма? Мұның бәрі спортшының «қызық аймаққа» өтуіне тікелей әсер етеді. Ағзаның әлсірегені, бұлшықеттік жарақатқа бейім екені байқалса қарқынды жаттығудан шеттетіліп, тіпті алдағы матчта стартқа іліге алмау қаупі туады.
Спорт әлемін мүлде басқа қырынан көрсетуге тырысатын Odd Sport паблигі GTA релизі шыққан күні (19 қараша) қызықты болжам жариялады. Ең қызығы, бұл порталдың долбары дөп келді.
Портал әрбір футбол клубының жас ерекшелігін, команда негізгі құрамындағы GTA-ға құмар ойыншыларға талдау жасап, АПЛ 11-турында «Челси», «Сити», «Брайтон» командалары ұпайдан қағылатынын болжап жазды. Нәтижесі — «Сити» тең түсті, «Челси» өз алаңында ойсырай жеңілді, «Брайтон» жауапсыз екі гол жіберді. Ұйқысы қанбаған, зейіні қашқан футболшылар мардымсыз нәтиже көрсетті.
Game over: Месут Өзіл, Деле Алли, Джейдон Санчо
Әлем чемпионы Месут Өзілдің «Арсенал» клубынан кетуіне, TOP деңгейге орала алмауына бірнеше фактор әсер етті. Әсіресе, Лондондағы карьерасы алаңда емес, экран алдында (Fortnite) өтті. Ойнап қана қоймай, әлеуметтік желіде сағаттап тікелей эфирге шығатын. Жарақат алу көбейді, матчтардан алшақтап кетті. Дәрігерлер оның жиі жарақат алуын креслодан тапжылмайтындығымен, таңды таңға ұрып ойынға берілетінімен байланыстырды. Ойыны қанбаған Өзіл клуб бас бапкері болып Унаи Эмери келгеннен кейін де түзелмеді. Сосын негізгі құрамнан шеттетіліп, соңында клубтан кетуге мәжбүр болды.
Ағылшын футболының болашағы саналған Деле Алли нағыз жанатын шағында консоль алдына байланып қалды. 2018 жылдан бастап ойынға басымен кіріп кетті. Fortnite қуалағаны сонша, шынайы өмір мен виртуалды әлемді шатастырып алды. Бір кездері трансферлік құны 100 млн еуро тұратын «Тоттенхэм» футболшысы қазір 30 жасында клубсыз қалды.

Джейдон Санчо (фото: Getty Images)
Атағы ағылшын клубтарында емес, немістің «Боруссия Д» клубында дүркіреген Англия вингері Джейдон Санчоға кезінде Еуропа грандтарының бәрі көз тікті. «Сити» академиясынан түлеп шыққан футболшы 2021 жылы «Манчестер Юнайтед» жейдесін киді. Ең қымбат трансферлердің бірі. Бірақ оның карьерасы ұзаққа созылмады. Түнімен FIFA, одан қалды Call of Duty ойнайтын ағылшын футболшысы жаттығуға кешігетінді шығарды. Ойыны қанбағанның ұйқысы қанбайды. Эрик Тен Хаг қуып шықты. Қазір қайда жүр? 26 жасында клубсыз қалды, ешкімге керек емес. Бүгінгі футболда талант екінші орынға шықты, профессионализм салтанат құра бастады.
«Алтын доп» иегері Усман Дембеле уақытында тоқтаған футболшы. «Барселона» сапында қорегі — пицца, хоббиі FIFA мен Call of Duty болған француз «жоғалған таланттар» тізіміне енуге аз қалды. Күні-түні қолынан джойстигі түспейтін Усман Дембеле жаттығуға кешігу былай тұрсын, тіпті келмейтін сәттері де болған. Ойыннан бас алмайтын француз футболшысын тәртіпке салған Хави болатын. Сосын ПСЖ-ға ауысқан соң Луис Энрикенің режиміне бағынды. Нәтижесі қандай — «Алтын доп» иегері.
Геймерлер неге «алқаш» футболшылардан да қауіпті?
Валерий Карпиннің сөзіне қайта ораламыз. «Бұрын бәрі ішетін, шегетін. Есесіне жанын салып доп тебетін. Қазір ішіп-шекпейді, бірақ футболды да жарытпайды».
Қазіргі футболшылар «мен ішпеймін, шекпеймін, түнгі клубқа бармаймын, қыз-қырқын жағаламаймын» деп мақтанғанымен, бір жағынан цифрлық тәуелділікке тап болғанын өздері де байқамайды. Бұған заманы да кінәлі. Мсье Арсен Венгер айтқандай, клубтағы футболшылар бір-бірімен сөйлеспейді, пікір алмаспайды, ұрыспайды, дауласпайды. Қолы қалт етсе видеоойынға телміреді. Тонның ішкі бауындай етене араласпаған ортадан лидер шықпайды. Лидері жоқ командада мінез болмайды. Мінезден жұрдай командада нәтиже болмайды. Нәтиже болмаған жерде бәрі құрдымға кетеді.

Алкоголь — кәсіби спорттағы басты тыйым. Сол үшін футболшылар жазғы демалысында сыралатып, аз-маз мауқын басады. Бірақ маусымның қызған шағында жоламайды. Санкциясы қатаң: командадан уақытша шеттетілесің, старттағы орныңнан қағыласың, репутацияңа сызат түседі. Ал, видеоойындар — әркімнің жеке қалауы. Ол үшін ешкімді жазғыра алмайсың, заңмен тыйым сала алмайсың, жеке өмірін майшаммен бақылай алмайсың. Ұйқысы қанбағанына не себеп болғанын дәлелдей алмайсың. Мылтықсыз майдан. Тыйым салу шешімі емес, керісінше жағдайды ушықтырып алуың мүмкін. Шектеу тіпті қиын. Сондықтан бұл әр футболшының ортасы мен жеке қалауына тікелей байланысты.
Дисклеймер: мен де бұл мақаланы GTA ойнап отырып жаздым. Егер кей ақпаратым жаңсақ, мәтінде грамматикалық қате болса, кешіріммен қарауды сұраймын. Зейінім басқада. Экран алдында тапжылмай отырғаныма 6 сағат болды. Мақаланы кеше тапсыруым керек еді. Дедлайн әдірем қалды.