Төрехан Сабырхан өзінің еңбекқорлығы, кәсіби әдебі мен рингтегі таланты арқылы қазақ боксының болашағын айқындайтын жастың бірі болып отыр
Биыл Төрехан Сабырхан қазақ боксының жарқыраған жас жұлдызына айналды. Ересектер арасындағы бәсекелерде әлі жеңілмеген 19 жастағы шымкенттік боксшы көрерменді тек техникасымен ғана емес, стильді әрі әсерлі боксимен тәнті етіп жүр.
2025 жылғы әлем чемпионатының алтын жүлдегері рингтегі шеберлігімен қатар, рингтен тыс жердегі мәдениеті, кәсібилігі және тәртібімен де ерекшеленеді.
2005 жылғы әлем чемпионы Ердоc Жаңабергенов «Бокс студиясына» берген сұхбатында Төреханның мінезі мен тәртібін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі буын боксшыларына дәл осындай жауапкершілік пен тәртіп жетіспейді.
«Мысалы, Төрехан Сабырхан. Мен білемін, оның телефоны 22:30-да міндетті түрде өшеді. Міне, нағыз тәртіп пен әкенің дұрыс тәрбиесі!» — деді Ердоc Жаңабергенов.
Төрехан Сабырхан өзінің еңбекқорлығы, кәсіби әдебі мен рингтегі таланты арқылы қазақ боксының болашағын айқындайтын жастың бірі болып отыр.