Ерсін Ерік «Реалды» қор қылды. Тауық сойса да қасап сойсын. Саусақ пен тіл үйлескенде…

Мырзағали ағайымызға қанша хейт айтылса да, ол үш бірдей әлем чемпионын шығарған жалғыз бапкер – Біржан Жақыпов

16.12.2025, 17:04

Еркелігіңді көтеріп, асты-үстіңе түсіріп жүретіндердің қатарында емес

Мырзағали ағайымызға қанша хейт айтылса да, ол үш бірдей әлем чемпионын шығарған жалғыз бапкер – Біржан Жақыпов
Фото: Данияр Майлыбаев

Дубайда бокстан әлем чемпионаты аяқталды. Аламанға жігіттерді қолдау үшін 2013 жылғы әлем чемпионы Біржан Жақыпов арнайы келді. Осы орайда Біржаннан бокстағы өзгерістер, жеке бапкері Мырғазали Айтжановтың жетістікке жетуінің сыры мен үнемі айтылатын сындар жайлы пікірін білдік. 

– Біржан, әлем чемпионатына боксшыларды қолдау үшін арнайы барыпсыз. Жалпы нәтижеге көңіліңіз толды ма?

– Аз да болса жігіттерге рухани қолдау білдірейік деп бардым. Боксшылардың барлығы қолдан келгеннің бәрін жасады, ешқайсысы аянып қалған жоқ. Өкінішке қарай, кейбір жігіттер төрешілер тарапынан әділетсіз шешімдердің құрбаны болды. Әйтпесе олардың барлығы бұл турнирге тек жеңіс үшін барған еді.

Ал жүлдеге іліккен, жеңіске жеткен боксшыларды шын жүректен құттықтаймын. Олар оған әбден лайық. Әлемнің ең мықты боксшылары жиналған аламанда топ жарып шығу – үлкен еңбек пен қажыр-қайратты талап етеді.

– Жеңілген боксшылармен сөйлесіп көрдіңіздер ме? Ондай сәтте спортшыға қолдау қажет пе, әлде жалғыз қалдырған дұрыс па?

– Әрине, сөйлесеміз. Көріп қалсақ, міндетті түрде амандасып, құшақтап, жұбатып кетеміз. Бұл – спорт, мұнда жеңіліс те болады. Жеңіліс – үлкен сабақ. Ешкім бірден чемпион болып кетпейді. Жеңіліс арқылы адам шыңдалады, тәжірибе жинайды. Келесі жолы дайындалып, қайта келіп, өз мықтылығын дәлелдейді.

– Сіз өзіңіз де кезінде төрешілердің әділетсіз шешімдеріне талай рет тап болдыңыз. Жалпы, бокстағы әділетсіздікпен күресіп жатырмыз дейді, бірақ жағдай түзелді деп айтуға келе ме, әлде, керісінше, ушығып бара жатыр ма?

– «Тоқтайды» деп қайта-қайта айтылады, бірақ шын мәнінде толық тоқтап жатқан жоқ. Қазір де көріп отырмыз, кей жекпе-жектерде төрешілікке қатысты наразылық білдіріп жатқан бапкерлер мен боксшылар бар.

Мысалы, бірінші раундта екі боксшы да тең дәрежеде бокстасса, біреуіне 5:0 беру түсініксіз. Егер аздап басымдық болса, 3:2 берген дұрыс. Сонда екінші раундта екінші боксшыда да үміт қалады, шабыт пайда болады. Ал бірден 5:0 берген соң, қарсылас психологиялық тұрғыда күйреп қалады. Кейін екінші раундта 4:1 беріп, бәрін сол алғашқы раундпен-ақ шешіп қояды. Бұл боксшылардың рухын түсіреді.

– Даулы жекпе-жектердің бірі ретінде Санатәлі Төлтаев пен Асадхуджа Муйдинхожаев айқасын атап өтуге болады…

– Иә, дәл сол жекпе-жек. Бірінші раундта-ақ 5:0 берді. Ал негізі 3:2 де беруге болатын еді. Санатәлі белсенді болды, алға жүрді, соққылар жасады. Бірақ сол алғашқы шешімнен кейін-ақ оның жеңісін «тартып алғандай» әсер қалды.

Екі раунд бойы оған ұпай берілмеді, үшінші раундта моральдық тұрғыда сынғаны байқалды. Еңсесі түсіп кетті. Біз кино көргендей соңғы секундта бәрін өзгертіп жіберетін сәтті күттік, бірақ бокс – ондай ғажайыптар жиі болатын спорт емес. Ондай камбэктер сирек кездеседі. Мысалы, Асланбек Шымбергеновтің үшінші раундта жұлып алған жекпе-жегі – мыңнан бір болатын жағдай.

– Сіздің дәуіріңіздегі бокс пен қазіргі боксты салыстырсақ, жалпы жүйе қай бағытта өзгерді деп ойлайсыз?

– Бұрын ұпай санау жүйесі басқаша еді. Қазір өзіміз де кейде түсінбей қаламыз. Тең дәрежеде өткен раундта бір боксшыға 5:0 береді. Бұл бізге де ұнамайды.

Әрине, боксты дамытуға тырысып жатыр, бірақ әлі де әділетсіздік бар. Мысалы, бұл чемпионатта 12 ресейлік боксшы финалға өтті. Жанкүйер ретінде мұны көргенде көңіл түседі. Бұл тек біздің боксшыларға емес, басқа елдердің спортшыларына да ауыр. Өйткені боксшы қанша еңбек етеді, дайындалады, ал әділ шешім болмаса, бәрі зая кетеді.

– Серік Теміржановқа не жетпей қалды деп ойлайсыз?

– Серіктің кездесуін көрдім. Егер бірінші раундта 3:2 оған берілсе, ол шабыттанып, басқаша бокстасар еді. Ал 5:0 деген есеп спортшыға психологиялық тұрғыда өте ауыр соққы. Кейбір жігіттер ондайдан кейін жинала алмай қалады.

– Кей жанкүйерлер мұндай турнирлерге қатысудың қажеті жоқ, әділетсіздік спортшының сағын сындырады дейді. Сіздің пікіріңіз қандай?

– Қатысу керек. Үлкен жарыстар – үлкен тәжірибе. Әділетсіздік арқылы да адам өседі, шыңдалады. Қиындыққа төтеп бере алған спортшы ғана биікке шығады. Оның үстіне жүлдегерлеріміз бар, олар қарсыластарын көрді, тәжірибе жинады. Бұл алдағы маңызды жарыстарда міндетті түрде пайдасын тигізеді.

– Боксты әсерлі ету үшін түрлі өзгерістер енгізілуде. Шын мәнінде көркемдігі артты деп айта аламыз ба?

– Бұрынғы бокс пен қазіргі бокстың айырмашылығы көп. Маған Головкиннің, Жафаровтың, Сәрсекбаев пен Сәпиевтің бокстасу мәнері ұнайды. Ол кезде тактика да, ұпай санау да түсінікті еді.

Сәпиевтер рингке шыққанда, жұрт демін ішке тартып, зал тып-тыныш болып қалатын. Алдыңғы қолмен жұмыс, аяқ қимылы, алдау, іштен соққы – бәрі әсерлі еді. Қазір іштен жасалған соққыларға ұпай берілмейді, сондықтан балалар оны сирек қолданады. Кейде соққы алмай-ақ жеңіп шығатын боксшыларды көретінбіз. Бірақ қазіргі бокста соққы алмау мүмкін емес.

– Өзіңіз үш Олимпиадаға қатысқан жалғыз боксшысыз…

– Болат Жұмаділов ағамыз да үш Олимпиадаға барған, бірақ біреуіне барып тұрып қатыса алмады. Ал мен үш олимпиадалық цикл бойы құрамада болдым.

– Сол құрамгың ішінде қайсысы мықтырақ болды деп ойлайсыз?

– Әрине, өзің өнер көрсеткен кезең әрдайым ыстық. Бірақ қазіргі жастарды да бағалаймыз, бақылап отырмыз. Шамамыз жеткенше жанкүйер болып, қолдау көрсетеміз. 

– Кезінде бокс Олимпиадада алтын сыйлатын бірден-бір спорт болатын, соңғы екі ойында алтынсыз қалдық. Бұрын әлем чемпионаттарында алтын алмай келген кездеріміз болса да, есесіне Олимпиада ойындарында үздік шығатын едік, ал қазір әлем біріншіліктерінде бірнеше алтын алуымыз мүмкін, бірақ төртжылдықтың бас додасында топ жара алмай жүрміз...

– Бұл – әлемдік үрдіс. Куба да кезінде бәрін ұтып жүріп, 2008 жылғы Олимпиададан алтынсыз қалған. Тұрақтылық деген болмайды, бұл спорт қой. Бірақ бұл қателіктердің бәрі – сабақ. Онымен жұмыс істеу керек. Боксшылар ғана емес, федерация мен бапкерлер де сол қателіктерден сабақ алуы қажет. Себебі бокс әлемде тоқтаусыз дамып жатыр.

– Бапкерлер демекші, Париж Олимпиадасынан кейін бапкерлік штаб толықтай кетті. «Жаңашылдық керек» деген уәж айтылды. Жігіттердің физикалық даярлығына қатысты да сын көп болды. Бар мәселе сол ескірген жүйеде ме еді?

– Меніңше, бұл жерде бас бапкерді кінәлау дұрыс емес. Бапкер қанша мықты болса да, рингке шығатын – боксшы. Әр бапкердің өз әдістемесі бар: Мырзағали ағайдың өз жолы, Қайрат ағайдың өз ерекшелігі болды. Бірақ бәрін бір адамның мойнына іле салу – ең оңай жол. Мұнда жеке бапкерлердің де, боксшылардың да жауапкершілігі бар екенін ұмытпауымыз керек.

– Сіздің бокстасқан кезеңіңізде негізгі қарсыластар Куба мен Ресей боксшылары еді. Соңғы үш Олимпиада ойындарында  Өзбекстан үздіктер қатарында. Өзбекстан бокста осыншалықты ілгерілеу үшін қандай жұмыс істеді деп ойлайсыз?

– Біздің кезімізде де Өзбекстанда мықты боксшылар болды. Олар көбіне жабық бокстасатын, ал біз алдыңғы қолмен, аяқпен көп жұмыс істейтінбіз. Қазір Грузия, Армения сияқты елдердің боксшылары жүлдегер атанып жатыр, ал біздің кезде олар айтарлықтай қарсылас саналмайтын. Есесіне қазір Қытай мен Таиландтың бұрынғыдай мықты боксшылары көрінбейді.

Бокс өзгеріп жатыр. Өзбекстан боксты дамыту жолында жүйелі түрде жұмыс істеді, соның нәтижесін көріп отыр. Ертең тағы басқа көшбасшы елдер шығуы да мүмкін.

– Хасанбой Дусматов – сіздің қарсыластарыңыздың бірі. Ол екі дүркін Олимпиада чемпионы, осы әлем чемпионатында да топ жарды. Бұрын «жеңіл салмақта жас ұлғайған сайын қиындайды» деген едіңіз. Ал оның тұрақтылығының сыры неде деп ойлайсыз?

– Мен бокстасқан жылдары ол жас, өте жылдам болатын. Қазір сәл баяулаған, бірақ тәжірибесімен алып жүр. Олимпиада чемпионы болғаннан кейін кейде төрешілердің де көмегі тиіп жатады. Осы чемпионатта тәжік боксшысы оған жақсы қарсылық көрсетті.

– Басты қарсыластарыңыздың бірі деп Зоу Шиминьді де айтуға болады. Қытайлық боксшымен бес рет кездесіпсіз. Оны айқын басымдықпен жеңуге не кедергі болды деп ойлайсыз?  

– «Тас-талқан етіп ұттым» деп айта алмаймын, бірақ соққы саны жағынан басым болған кездерімде де жеңісті бермей қойған сәттер болды. Зоу Шиминь – өте айлакер, өте жылдам боксшы. Қазір Қытай боксшыларының деңгейінен хабарым жоқ, бірақ сол кезде Қытай федерациясы бір алтынға ерекше мән беретін, жабылып сол салмаққа жұмыс істейтін.

Біздің кезімізде әлем чемпиондары әр елден шығатын: Корея, Таиланд, Моңғолия, Эквадор, Доминикан Республикасы. Қазір үздіктер санаулы елден ғана шығып жүр. Оның қаншалықты дұрыс екенін білмеймін.

– Үш Олимпиадаға қатысып, үшеуінде де жүлде бұйырмады. Соның қайсысы ең ауыр тиді?

– Жеңілістің жеңілі болмайды. Бейжіңде де, Лондонда да медаль алатын шамам бар еді. Бірақ әділетсіздік талай жолыма тұсау болды. Кейде «қытайлыққа түспесем, чемпион болар ма едім» деп ойлаймын. Бірақ өткенді өзгерте алмайсың ғой.

Бейжіңде бабымда едім. Пол Бедакты, моңғол боксшысын, кубалықты ұттым. Финалға шыққан моңғол жігітін де бұрынырақ жеңіп кеткенмін. Үшінші орын алған кубалықты да Түркиядағы турнирде жеңген едім. Байқасаңыз, мен ұтып жүргендердің бәрі қытай боксшысынан жартылай финалда, финалда жеңілді. Ол кезде жылдамдығым басым. Салмақ қуа бермейтінбіз.

Лондонда да солай болды. Финалға шыққан тайландтықтан да бір ай бұрын тестілік турнирде басым түсіп едім.

Қытайлыққа қарсы бәсекеге келсек, Бейжіңде 4:9 болып жеңілсем, Лондонда есеп 11:13 болды. Ол кезде Зоу боктаспай, басын бұғып жүрумен болды. Басын төмен түсірсе де төрешілер ескерту берген жоқ.

Екі Олимпиадаға тас-түйін дайындықпен барып, шамам жеткенше жұдырықтасып бердім. Бейжіңде сәл тәжірибе кемшін соқса, Лондонда төрешілердің әділетсіздігін көз көрді. Бейнетаспаны қаншама рет қайталап көрдік. Бірінші және екінші раундта тең дәрежеде бокстастым, ал шешуші кезеңде соққыларым дөп тиіп жатты. Ұтқаныма сенімді болдым. Алайда төрешілер бәрібір соған болысып кетті.

– Ал Риода ше?

– Өзім жанып кеттім. Дусматовпен айқаста сабырсыздық таныттым. Тезірек ұтамын деп қателікке бой алдырдым. Бапкерлердің ақылын тыңдамадым. Бұл – басты қателігім. Үшінші Олимпиадаға дейін жүйкенің де шаршағаны рас.

– Шыны керек, көпшілік сіздің Риоға барғаныңызға ренжіді…

– Кім ренжіді? Теміртас Жүсіпов екінші нөмірлі боксшы еді, ол Азия чемпионатында Дусматовтан ұтылды. Ол кезде Азияда жеңілгендер әлем чемпионатына бармайтын ереже бар еді. Ал мен жолдаманы АРВ турнирі арқылы алдым. Негізі үшінші Олимпиада ойындарына барамын деген ой болған жоқ. Құрамада тек әлем чемпионатында кеткен есені қайтарсам деп жүрдім. 2013 жылы Алматыда чемпион атандым, ал 2014 жылы Азия ойындарында жүлде бұйырып, екінші орын алдық.

2015 жылы АРВ деген турнир болды, негізінен қаражатпен қызықтырды. Бірақ ойламаған жерден финалға шығып, лицензия ұтып алдым.

Біреудің жолын байлады деген сөз орынсыз. Егер біздің жігіттердің біреуі мені жеңсе, оны сол кезде айту керек еді.

– «Мырза аға шәкірттерін сүйреді» деген пікір де болды…

– Оны естідім. Бірақ Теміртаспен талай рет кездесіп, ешқашан жеңілген емеспін. Кейін ол өзін дәлелдеп, әлем чемпионы атанды.

Рас, 2010 жылы Қазақстан чемпионатында Ілияс Сүлейменовтен ұтылдым, ол менің таза қателігім. Дегенмен кейін есемді қайтардым. Азамат Исақұловтан да жеңіліп, кейін реванш жасадым.

Бірақ ұтылып тұрып, жеңісті тартып алды деген пікірлер шындыққа жанаспайды. Ешкімнің жолын байлаған емеспін. Әділетсіздікке өзім ұшыраған шығармын, бірақ жеңіліп тұрып, менің қолымды көтерген кез болған емес.

Бұл бокс қой, жарысты, спаррингті бәрі көреді.

Мырза аға сүйреді дейтіндей, шәкірттері нәтиже көрсетпесе екен. Ол кісінің құрамадағы шәкірттері әлем чемпионаттарында, Олимпиада, Азия ойындарында үздіктер қатарынан көрінді ғой. Сондықтан олай сынайтындарды түсінбеймін. Мырзағали Айтжанов секілді білікті бапкерге қолдау көрсетіп, алғыс айтудың орнына жерден алып, жерге салды. Бұл дұрыс емес. 

– Сол кездерде жеке шәкірті бар бапкер құрама тізгінін алмауы керек деген ой да көп айтылды. 

– Бапкері ұлттық құрама тізгінін алғаны үшін ғана шәкірті, мықты бола тұра, жарысқа қатыспауы керек пе? Қайрат ағаның шәкірттері де құрамаға ілігіп, өзінің мықты екенін дәлелдесе, неге ірі жарыстарға қатыспайды?! Шаршы алаңға бапкер емес, боксшының өзі шығады. Төрешіні сатып алатын шығарсың, бірақ жанкүйерді алдай алмайсың.

– Өзіңіз Мырзағали ағаның төл шәкіртісіз. Қателеспесем, ол  кісі үш бірдей әлем чемпионын дайындаған жалғыз бапкер… Осы жолы Сәкен Бибосынов екінші рет әлем чемпионы атанды. Ол кісі әсіресе жеңіл салмақта табысты жұмыс істейді. Бұған не себеп?

– Қайрат Ералиев екеуміз бір алтын, бір қола алдық. Ал Сәкен Бибосынов – екі дүркін әлем чемпионы, қола жүлдегер. Сонымен қатар Еркебұлан Шынәлиев Олимпиада жүлдегері атанды. Асқар Абдуллаев жастар арасында Азия чемпионы, ересектер арасында әскери ойындарда әлем чемпионы болды. Сондықтан ол кісі тек жеңіл салмақтағы боксшыларды үздіктер қатарына қосты деуге келмейді.

Қазір аса ауыр салмақта Нұрлан Сапарбай жүр, бірақ оны бала кезінен емес, кейін алды. Қолын түсіріп бокстасады деп сынап жатыр ғой, бірақ Мырза аға келген бойда бәрін өзгертіп жіберетін сиқыршы емес. Нәтиже біртіндеп келеді.

Мырзағали ағай – өте талапшыл, қатал кісі. Бірақ саған сенетінін сезесің. Сол сенім үшін оны жерге қаратпауға тырысатынбыз. Өте қазақы адам, жиналыстарды тек қазақша өткізетін. Мақал-мәтелмен сөйлейді, сөзі аз, бірақ айтқаны сүйектен өтеді. Ұйымшыл болуға баулитын, соның арқасында топырлаған жігіт бір үйдің баласындай өстік.

«Сен өзің үшін емес, еліңнің намысы үшін бокстасасың» деп қайрайтын. Сабырлы, ешқашан сасқалақтамайды. Бұл боксшы үшін өте маңызды.

– Былтыр Парижден соң Мырзағали аға құрамадан кетті. Айтылған сындар оңай тимегені анық, сол уақытта өзіңіз ол кісімен сөйлестіңіз бе?

– Негізі ағайды мазалай бермейміз, ісіне кедергі келтіргім келмейді. Оның үстіне мүсіркеуді ұнатпайтын адам. Сыртынан сөйлейтіндердің талайын көріп жүр, бірақ өзін ақтап, жұртты даттап жатпайды – ірілігі бар.  Осы чемпионатта да көріп амандастым, «қалайсың, бала?» деп қана қысқа қайырды. Еркелігіңді көтеріп, асты-үстіңе түсіріп жүретіндердің қатарында емес. Талай сыннан сүрінбей өтіп келе жатқан кісі ғой.

– Өзіңіз ұзақ жыл жеңіл салмақта бокстастыңыз. Салмақ қуу қиын болған шығар?

– Иә, 2005 жылдан 2016 жылға дейін құрамада болдым. Рас, ең қиыны – салмақ қуу. Кейде су ішіп отырған күзетшіге қызығатынмын. Аузың кеуіп, шөл қысқанда көше сыпырып жүрген адамдарға қарап, «қандай рахат, жұмысына барып келеді, қалағанын ішеді, қалағанын жей алады» деп қызығатын кездер болатын. Бірақ кез келген жетістіктің артында құрбандық, тәуекел тұрады, соны ұмытпау керек.

– Қазір боксшыларға көрсетілетін қолдау жақсарып жатыр. Үйін, пәтерін береді. Бұл боксшыларды босаңсытып жібермей ме?

– Бәрі адамның өзіне байланысты. Біреуді босаңсытады, біреуді, керісінше, алға жетелейді. Сабыр сақтасаң, үлкен мақсатқа жетуге болады.

Боксшылар әлеуметтік желіде тым белсенді, көп отырады деген пікірлерді де жиі естіп жатамын...

– Заман талабы сол болып тұр, бірақ өз басым тым қатты әуестенбеген дұрыс деп санаймын. Оның бәрі уақытша, алдамшы: мақтау да, сын да, әдемі өмір де. Соларға алданып, жоспарыңнан жаңылуың мүмкін. Алайда қазір біреуге ақыл айту да қиын, жастар бізден ақылды. Айтқан сөзіңе құлақ асуы екіталай.

– Жәнібек Әлімханұлы жайлы пікіріңізді білсек, кезінде құрамада бірге жаттығу жасадыңыздар. Допинг дауынан саяси астар іздеп жатқандар бар...

– Жәнібек – әлемдік деңгейдегі боксшы. Білместікпен тыйым салынған препарат қабылдайды деу қиын. Қасында кәсіби мамандар жүр. Өзіне де ауыр тиді, білемін. 

Шымкентте жаттығу жасағанда, арнайы барып амандасып, сәттілік тілеп кеткенбіз. Үшінші титулына шығамын деп тұрғанда, осындай жайтқа тап болды. Шыны керек, қиын жағдай болып тұр. Жекпе-жекте ұтылса, онда өзін кінәлайсың, ал мынадай кезде... Бәрі оңынан шешілсе екен деп тілеймін.

– Шымкенттегі жұмысыңызға тоқталсақ. Өңірдегі спорттың дамуы қалай?

– Қазір ойын түрлеріне арналған спорт мектебінде жұмыс істеп жатырмыз. Жастар өсіп келеді. Төрехан Сабырхан секілді дарынды балалар бар. Ұрпақ сабақтастығы үзілген жоқ, шүкір. Алда әлі талай мықты спортшы шығады деп үміттенемін. 

– Өзіңіз бапкер болып жұмыс істеп көрдіңіз. Бапкер болу үшін қандай қасиет керек?

– Қасиетті болып та, қасиетсіз болып та шәкір тәрбиелеп жүргендер бар. Бірақ бапкерге ең алдымен тәжірибе керек.

2023 жылға дейін армиялық клубта аға бапкер болдым. Теміртас Жүсіповті әскери ойындарға апарып, ол чемпион болды. Сонан соң Асланбек Шымбергенов те топ жарды.

Қазір жастар арасында бір-екі бала бар, соларға білгенімізді үйретіп жүрміз. Өмірімізді боксқа арнаған соң, білгенімізді бөліссек деген ниет бар. Еңбек сіңірген жаттықтырушы атансақ – одан асқан мәртебе жоқ.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам