Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Бір орында 10-20 жылдап отырған»: Серік Сәпиев Қарағандыдағы орынбасарымен болған жанжал туралы шындықты айтты

Бүгін, 10:54

Серік Сәпиев бұрынғы орынбасарымен жанжалдың неден басталғанын айтты

«Бір орында 10-20 жылдап отырған»: Серік Сәпиев Қарағандыдағы орынбасарымен болған жанжал туралы шындықты айтты
әлеуметтік желі

Серік Сәпиев Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарған тұста болған даулы оқиғаға қатысты тың мәлімдеме жасады. Олимпиада чемпионы сол кезеңде спорт саласындағы заңсыз әрекеттер мен ескі жүйеге қарсы тұрғанын айтты.

Қазір Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті қызметін атқарып жүрген Сәпиев бұл туралы YouTube-тағы «Почему не я?» бағдарламасына берген сұхбатында баяндады. Оның сөзінше, өңір спортындағы нәтиженің төмендеуі жүйелі мәселелердің бар екенін көрсеткен.

«Мен басқармаға келген кезде Қарағанды облысында спорт нәтижелері құлдырап кеткенін көрдім. 2016 жылғы Олимпиадаға өңірден 11 спортшы қатысса, 2024 жылы үш-ақ спортшы барып, бірде-бір медаль алмады. Бұл — үлкен айырмашылық. Сондықтан өзгеріс қажет болды», – деді Сәпиев.

Ол басқармадағы негізгі мәселелердің бірі кадрлық саясат болғанын атап өтті. Айтуынша, кейбір қызметкерлер бір орында 10-20 жылдап отырған және ротацияға қарсы шыққан. Сонымен қатар, белгілі бір адамдардың өңір спортына ықпалы күшейіп кеткенін де жасырмады.

Сәпиев спорттағы қаржыландыру жүйесін өзгертіп, басым бағыттарға көбірек көңіл бөлгісі келгенін айтты. Алайда бұл бастамаларға қарсылық болған.

Сұхбат барысында ол бұрынғы орынбасары Даурен Есімхановпен арадағы жанжалға да тоқталды. Олимпиада чемпионының сөзінше, қақтығысқа заңсыз әрекеттер себеп болған.

«Мен заңсыз дүниелердің алдын алғым келді. Бірақ қандай шешім қабылдасаң да, кінәлі болып шығатын жағдай болды», – деді ол.

Журналист кадрлық ауыс-түйіс кезінде қызметке адамдарды орналастыру арқылы пайда табу мәселесі болған-болмағанын нақтылағанда, Сәпиев бұл жайтқа терең тоқталмай, оның астарында заңсыз әрекеттер жатқанын меңзеді.

Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде тараған жанжал видеосына қатысты пікір білдіріп, өзіне тағылған «соққы жасады» деген айыпты жоққа шығарды.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам