WBC белбеуі үшін келесі жекпе-жекте рингке қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов шығуы әбден мүмкін.
WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, доминикандық Карлос Адамес алдағы уақытта титулын қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановқа қарсы қорғауы ықтимал. Бұл туралы америкалық бокс сарапшысы Васим Мазер мәлімдеді.
Сарапшының айтуынша, WBC орта салмақтағы жағдайды ұзақ уақыт кейінге шегеріп келді, алайда енді мәселені ашық шешуге мәжбүр.
«Нұрсұлтановтың позициясы өздігінен бәрін айтып тұр. Уақыт қайта қозғалды, енді WBC орта салмағы көптен бері кейінге қалдырылған сұрақпен бетпе-бет келді», - деп жазды Мазер That Boxing Guy порталында.
Еске салайық, 2025 жылдың қаңтарында WBC Карлос Адаместің командасына Мейірім Нұрсұлтановқа қарсы міндетті титулдық қорғау өткізу керектігін ресми түрде хабарлаған. Алайда келіссөздер түрлі себептермен созылып, нақты шешім қабылданбады. Ақпан айында Адамес күтпеген жерден британдық Хамза Ширазбен жекпе-жекке шығып, кездесу тең нәтижемен аяқталды. Соның арқасында доминикандық чемпиондық белдігін сақтап қалды.
Осыдан кейін WBC Нұрсұлтановтың міндетті үміткер ретіндегі мәртебесін қайта растады және тараптарға 6 мамырға дейін келісімге келу үшін уақыт берді. Белгіленген мерзімде келісім жасалмағанымен, ұйым келіссөздерде «оң өзгерістер барын» атап өтіп, қосымша уақыт ұсынған.
Алайда бірнеше ай бойы нақты ілгерілеу байқалмады. Тек желтоқсан айында өткен WBC-нің жыл сайынғы сессиясында Адаместің Нұрсұлтановқа қарсы міндетті қорғау өткізуі қажет екені тағы бір мәрте расталды.
Айта кетейік, бұған дейін Карлос Адамес қазақстандық тағы бір боксшы – IBF және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізу мүмкіндігінен бас тартқан болатын. Бұл кездесу Сауд Арабиясының инвесторы Турки Әл аш-Шейхтің қолдауымен 2025 жылдың күзінде өтуі тиіс еді, алайда тараптар мәмілеге келе алмады.
Осылайша, WBC белбеуі үшін келесі жекпе-жекте рингке қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов шығуы әбден мүмкін.