Министрлік IBA тұжырымы бойынша чемпиондарды мойындап, оларға құрмет көрсетпейді. Бірақ таныстыру кезінде екі дүркін чемпион деп хабарлайды
Жақында Дубайда ерлер арасында IBA тұжырымы бойынша бокстан әлем чемпионаты өтті. Бірақ чемпион атанған спортшыларды министрлік немесе бірде-бір әкімдік өкілі әуежайдан күтіп алған жоқ.
Одан кейін де марапат, құрмет көрсеткен облыс әкімі, министрлік болған жоқ. Үкіметтің де оларға сыйақы берілмейтіні хабарланды. Өйткені Халықаралық Олимпиада комитеті World Boxing ұйымын ғана мойындаған. Сол секілді IBA биыл әйелдер арасында да әлем чемпионатын өткізген. Жарыс Сербияның Ниш қаласында өткен. Сол біріншілікте топ жарған Алуа Балқыбекова кейін World Boxing ұйымдастырған Ливерпульдегі әлем чемпионатында жеңіске жетті. Сөйтіп бір жылда екі дүркін чемпион атанды. Негізі IBA-ның жарысын ҚР Туризм және спорт министрлігі ресми түрде мойындамайды. Бірақ күні кеше Астанада жыл үздіктерін марапаттау кешінде боксшыны екі дүркін әлем чемпионы деп таныстырып, «Жылдың үздік спортшысы» деп марапаттады.
Былай қарасаң, парадокс жағдай. Министрлік IBA тұжырымы бойынша чемпиондарды мойындап, оларға құрмет көрсетпейді. Бірақ таныстыру кезінде екі дүркін чемпион деп хабарлайды.
«Бірінші бол» арнасының подкастына қонаққа келген боксшы Абылайхан Жүсіпов те мұны жасыра алмады.
«Әлем чемпионы атанып келген соң, ресми ешқайда шақырту болмады. Шақырып қалады деген ниеттеміз. Әуежайдан қарағандылық жерлестерім күтіп алды. Тек облыстық спорт басқармасы мен Ұлттық ұлан өкілдері мен туыстар жиналды», - дейді боксшы.