Әлімханұлы бір тұжырым бойынша әлем чемпионы атағын сақтап қалды.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан допинг дауына байланысты қабылданған шешімдерді түсіндірді.
Функционер әлеуметтік желіде жанкүйерлерге арнайы үндеу жасап, жағдайдың мән-жайын баяндады.
«Ассалаумағалейкум, қадірлі жанкүйерлер, «Qazaq Style-ды» қолдайтын ағайын! Соңғы уақытта түрлі жаңалықтар тарап жатыр, бәріңіз көріп, оқып отырсыздар. Сондықтан команда атынан және жеке өз атымнан осы жағдайға қатысты ресми түсініктеме беруді жөн көрдім.
Негізгі мәселе мынада: біз IBF белбеуінен айырылдық. Бұл туралы өздеріңіз де білесіздер. Төрт түрлі талаптың ішінде ең қатаң ережелердің бірі IBF ұйымына тиесілі. Бұл тұжырым бойынша титулды қорғау мерзімі өтіп кеткендіктен, федерация Жәнібекті чемпиондық белбеуден айырды.
Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық және WBO белбеуін сақтап қала алдық. Қазір Жәнібек орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы болып қала береді. Аллаға шүкір, қазақ елінің спортшысы кәсіпқой бокста әлі де әлем чемпионы. Бұл – үлкен мәртебе.
Бұған дейін қатты алаңдадық. «Екі титулдан да айырыламыз, 3-4 жылға шеттетеді» деген қауіп болды. Бірақ Алланың қалауымен команда барынша жұмыс істеп, барлық қажетті шараны қабылдады. Соның арқасында WBO титулды сақтап қалу туралы шешім қабылдады. Аллаға шүкір, әлем чемпионы атағы өзімізде қалды», – деді Берік Сұлтан.
Еске сала кетейік, былтырғы желтоқсан айының соңында WBA чемпионы Эрисланди Лараға қарсы біріктіру жекпе-жегіне дайындық кезінде Әлімханұлының допинг сынамасынан мельдоний табылған болатын. Тергеу қорытындысы бойынша WBO ұйымы қазақстандық боксшының чемпиондық белбеуін сақтап қалды, алайда оны бір жылға жекпе-жектерден шеттету туралы шешім қабылдады.
Ал IBF федерациясы Жәнібек Әлімханұлын чемпиондық атағынан айырды.