«Аяқ-қолым істемей қалды»: Нұрқожа Қайпанов финалға «ауыр жүк арқалап» шыққанын айтты

Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионатының финалындағы жеңілісіне түсініктеме берді

ҰОК
ҰОК

Қазақстандық балуан Нұрқожа Қайпанов Астанада өткен әлем чемпионатының финалында ресейлік Иналбек Шериевке есе жіберіп, күміс медаль иеленді. Отандасымыз жарыстан кейінгі сұхбатында шешуші белдесудегі сәтсіздігіне баға беріп, жанкүйерлерге алғысын жеткізді.

Қайпанов финалға тыңғылықты дайындалғанын, алайда өзіне шамадан тыс жауапкершілік жүктеп алғанын айтты. Оның сөзінше, командаластарының жеңілісі де психологиялық тұрғыдан әсер еткен.

«Бүгінгі белдесу мен үшін өте қиын болды. Негізі толық дайын едім. Алайда өзіме тым көп жауапкершілік артып алған сияқтымын. Әсіресе командаластарымның жеңілісінен кейін мойныма үлкен жүк түскендей болды. Қазақ халқын қуантқым келді. Бірақ бүгін финалда Ресей балуаны басым түсті.

Бозкілемге шыққан сәтте қатты қиналдым. Жауапкершіліктің салмағы әсер етті ме, әйтеуір аяқ-қолым жүрмей қалды. Дегенмен бұл жеңілістен кейін тоқтап қалмаймыз, әрі қарай еңбек етеміз. Алдымызда әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындары тұр.

Алдағы уақытта да осы салмақ дәрежесінде өнер көрсетемін. Қатарынан төрт жарыста осы салмақта күрестім. Сондықтан әлі де өзімді дәлелдеп, биік белестерді бағындыруым керек.

Өз елімізде, жанкүйерлеріміздің алдында күресу – мен үшін үлкен бақыт. Осыдан жеті жыл бұрын өткен әлем чемпионатында да күміс жүлдегер атанған едім. Бұл жолы да қазақ халқының ерекше қолдауын сезіндім. Сол үшін барша жанкүйерге алғыс айтамын», – деді Қайпанов.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам