Кездесу барысында 38 жастағы боксшы аяқта нық тұрмай, қарсыластың соққыларынан жалтара алмаған
Кениялық боксшы Джейкоб Ойоко жекпе-жектен кейін көп ұзамай қайтыс болды. Бұл туралы Кенияның кәсіпқой бокс федерациясы мәлімдеді.
Оқиға 28 наурыз күні Кенияның Какамега округінде жартылай жеңіл салмақта Джулиус Окуручи қарсы өткен жекпе-жек кезінде болған. Кездесу барысында 38 жастағы боксшы аяқта нық тұрмай, қарсыластың соққыларынан жалтара алмаған. Аталған жағдайдан кейін төреші жекпе-жекті екінші раундта тоқтатуға мәжбүр болды.
Жекпе-жектен кейін рингте шұғыл медициналық тексеріс жүргізіліп, боксшыға алғашқы көмек көрсетілген. Дәрігерлер оған жүрек-өкпе реанимациясын жасап, оттегі беріп, кейін ауруханаға жеткізген. Алайда біраз уақыттан соң ол көз жұмды.
Белгілі болған дерек бойынша жекпе-жектен кейін Джейкоб Ойоко өзін әлсіз сезініп, тыныс алуы қиындағанын айтқан. Содан кейін есінен танып қалғаны айтылды. Ал оның қарсыласы техникалық нокаутпен жеңімпаз деп танылды.
Айта кетейік, бұл жекпе-жек Ойоконың кәсіби рингтегі алғашқы айқасы болған. Ол бұл кездесуге бар болғаны екі күн бұрын келісім берген. Бұған дейін ол әуесқой бокста өнер көрсетіп, кейін спорттық мансабын аяқтаған еді. Соңғы уақытта Момбаса қаласына барып, жеке күзет компаниясында жұмыс істеген көрінеді.
Кенияның кәсіби бокс комиссиясы спортшының өліміне әкелген жағдайларды анықтау үшін тәуелсіз комиссия құрғанын мәлімдеді.