Талғат Байсуфинов ұлттық құрамадан неге кетіп қалды? ҚФФ мәлімдеме жасады

Қазір ҚФФ ұлттық құрамаға жаңа бапкер іздеуге кірісті

Қазақстан футбол федерациясы
Қазақстан футбол федерациясы

Қазақстан құрамасын бұған дейін жаттықтырған отандық маман Талғат Байсуфинов биыл жазда аяқасты отставкаға кеткен болатын. Бүгін ҚФФ Бас хатшысы Скотт Манн осы жайтқа қатысты мәлімдеме жасады.

«Мен Қазақстан футбол федерациясына биыл сәуір айында келдім. Жазда Венгриямен болған матчқа қатыстым. Ол кезде Байсуфинов бас бапкер еді. Содан кейін Англияға оралдым. Артынша федерациядан телефон арқылы хабарласып, бас бапкердің қызметінен кетіп қалғанын айтты. Бұл мен үшін күтпеген жайт болды, өйткені Байсуфинов мырзаның жұмыстан кетуі мүлдем жоспарланбаған еді.

Мен командада тұрақтылық болғанын қаладым. Бірақ ол әр түрлі себептер айтып, жұмыстан бәрібір кетті. Енді қазір ойласам, сол шешім бәлкім дұрыс та болған шығар. Ол уақытта мен көп нәрседен хабарсыз едім және түсінбейтінмін.

Бас бапкері болу – үлкен жауапкершілік. Ал, өзің туған елдің бас бапкері болу – бұл тек жауапкершілік емес, сонымен қатар проблема. Ол кісі осы ауыр жүкті өз мойнына алып жүрді. Тым ауыр болғандықтан шығар, маған келіп кетуге шешім шығарғанын түсіндіріп айтты. Мен оның шешімін сыйлаймын және мәжбүрлеп ұстап қала алмаймын», - деді Скотт Манн Астанада өткен баспасөз мәжілісінде.

Еске салайық, Талғат Байсуфинов отставкаға кеткен соң оның орнына нидерландтық маман Джон ван’т Шкип келді. Ұлттар лигасында сәтсіз өнер көрсеткендіктен ол да Федерациядағы қызметін жалғастырмайтынын мәлімдеді. Енді Скотт Манн командасы ұлттық құрамаға жаңа бапкер іздеп жатыр.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам