Магнус Карлсен Асаубаеваға қарсы соңғы партияны ойнаудан бас тартты

Карлсен блицтегі төрт партияның үшеуінде жеңіске жетіп, біреуінде тең түсті

Видеодан кадр
Видеодан кадр

Шахматтан 16 дүркін әлем чемпионы, норвегиялық Магнус Карлсен Будапештте өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 супертурнирінің алғашқы ойын күнінде қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаеваға қарсы соңғы партияны ойнаудан бас тартты.

Қос шахматшы плей-офф кезеңінің бесінші сеткасында жартылай финалда кездесіп жатыр. Бұл кезеңде 17-20 орындар сарапқа салынады.

Қарсыластар арасындағы матч екі күнге жоспарланған. Әр ойын күні қатысушылар блицтен төрт партия (жеңіске – 1 ұпай), рапидтен екі партия (жеңіске – 4 ұпай) және жылдам классика форматында бір партия өткізеді (жеңіске – 8 ұпай).

Карлсен блицтегі төрт партияның үшеуінде жеңіске жетіп, біреуінде тең түсті. Одан кейін рапидтегі екі кездесуде де басым түсіп, алғашқы ойын күнінің қорытындысы бойынша 11,5:0,5 есебімен мерзімінен бұрын алға шықты.

Осыдан кейін норвегиялық шахматшы жылдам классика форматындағы соңғы партияға қатыспау туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде оған техникалық жеңіліс тіркеліп, сегіз ұпай автоматты түрде Бибісара Асаубаеваның еншісіне жазылды. Алғашқы күннің қорытынды есебі – 11,5:8,5, Карлсеннің пайдасына.

Еске салайық, екі шахматшы да топтық кезеңде өз квартеттерінде бесінші орын алып, жұбаныш сеткасына түскен болатын. Карлсен С тобында, ал Асаубаева D тобында өнер көрсетті.

Екінші ойын күні 18 қарашада өтеді. Бұл кезеңде есеп қайтадан нөлден басталады. Екі күннің қорытындысы бойынша тең нәтиже тіркелсе, жеңімпаз «Армагеддон» тай-брейкінде анықталады.

Осы жұптың жеңімпазы 17-орын үшін өтетін матчта ресейлік Владислав Артемьев пен америкалық Эндрю Хонг арасындағы кездесудің үздігімен ойнайды.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам