Әлем чемпионаты 2027 жылдың сәуір айында ұйымдастырылады
Астанада бокстан 2027 жылғы әлем чемпионаты өтеді. Аталған дода 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына берілетін алғашқы лицензиялық турнир болмақ.
Бұл шешімді Халықаралық Олимпиада комитеті мен World Boxing ұйымы ресми түрде бекітті. Әлем чемпионаты 2027 жылдың сәуір айында ұйымдастырылады.
Тарихта алғаш рет ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты бір турнир аясында қатар өтпек. Жүлделер мен Олимпиада жолдамалары 14 салмақ дәрежесінде сарапқа салынады.
Астанадағы әлем біріншілігінде 2028 жылғы Олимпиадаға 44 лицензия үлестіріледі. Оның 22-сі ерлерге, 22-сі әйелдерге арналған. Осылайша, Қазақстан Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеудің алғашқы кезеңін қабылдайтын ел атанады.
World Boxing мәліметінше, әлем чемпионатынан кейін құрлықтық іріктеу жарыстары мен 2028 жылы өтетін екі соңғы әлемдік квалификациялық турнир ұйымдастырылады.
Айта кетейік, Лос-Анджелес Олимпиадасында 224 былғары қолғап шебері жеті ерлер және жеті әйелдер салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салады.