Марқұмды 11 мамыр күні жергілікті балықшылар байқап қалған
Колумбияда жас боксшы Йейнер Андрес Гомес Сандоваль кәсіби мансабындағы алғашқы жеңілісінен бір күн өткен соң қаза тапты.
28 жастағы спортшының денесі Барранкилья қаласы маңындағы Магдалена өзенінен табылған. Марқұмды 11 мамыр күні жергілікті балықшылар байқап қалған.
Келесі күні боксшының анасы ұлын денесіндегі татуировкалар арқылы таныған. Оның кеудесінде жылан мен жүрек бейнесі, иығында айдаһар, ал мойнында ағасы Кристианның есімі жазылған тату болғаны айтылды.
Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, мәйіттің кей бөліктері жоқ болған. Қазіргі уақытта оқиға орны маңында іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Қайғылы жағдай спортшының кәсіпқой рингтегі алғашқы жеңілісінен кейін көп ұзамай болған. Йейнер Барранкильяда өткен WBA Future Champions Colombia турнирінің басты жекпе-жегінде өнер көрсетіп, Лейдер Гальвистен төрешілердің бірауызды шешімімен жеңілген еді.
Осыған дейін ол кәсіпқой бокста алты кездесу өткізіп, бес қарсыласын нокаутпен ұтқан болатын.
Турнир аяқталғаннан кейін боксшы анасы және қызымен бірге уақыт өткізген. Ол соңғы рет жексенбі күні күндіз Каррисаль ауданындағы үйінен шығып бара жатқан кезде көрінген. Сол кештен бастап оның телефоны өшіп, жақындары полицияға жоғалғаны туралы хабар берген.
Марқұмның бапкері Мигель Анхель Гусман спортшының қандай да бір қауіп-қатерге тап болғаны жайлы ештеңе білмейтінін мәлімдеді.
Қазір құқық қорғау органдары боксшының соңғы жүрген бағыттарын анықтап, қылмыстың оның жеке өмірімен немесе спорттық қызметімен байланысы бар-жоғын тексеріп жатыр.