Қазақстандық боксшы желтоқсан айында чемпиондық атағын қорғайды
Қазақстандық кәсіпқой боксшы, WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы ұзақ уақыттан кейін әлеуметтік желіге қайта оралып, келесі жекпе-жегіне қатысты мәлімдеме жасады.
«Qazaq Style» лақап атымен танымал боксшы X желісіндегі парақшасында мотивациялық жазба жариялап, желтоқсан айында чемпиондық атағын қорғайтынын айтты.
«Мен алғаш рет бокс қолғабын 6 жасымда кидім. 27 жылдан кейін де әлі рингтемін. Біз осы төрт бұрыштың ішінде болғанның бәрін көрдік, ал алда әлі талай нәрсе бар. Мен рингті сағындым, жанкүйерлер де бізді сағынғанын білемін. Желтоқсанда мен әлем чемпионы атағымды қорғаймын», — деп жазды Жәнібек Әлімханұлы.
Айта кетейік, Әлімханұлы кәсіпқой рингте әлі жеңіліп көрген жоқ. Қазіргі таңда ол орта салмақтағы WBO әлем чемпионы болып саналады.