Қарсыласы - намибиялық Иммануэль Йозеф
Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы үшінші жекпе-жегін 28 тамызда Астанада өткізеді.
Nomad Fighting мәліметінше, екі дүркін әлем чемпионының келесі қарсыласы намибиялық Иммануэль Йозеф болады.
Йозеф – WBO Africa тұжырымы бойынша қазіргі чемпион және WBA Asia East белбеуінің бұрынғы иегері. Оның еншісінде 18 жеңіс, төрт жеңіліс және бір тең нәтиже бар. Ең қызығы, намибиялық боксшы соңғы алты жылда бірде-бір рет жеңіліп көрмеген және халықаралық титулдық жекпе-жектерде мол тәжірибе жинаған.
Жекпе-жек Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.
Бұл – Сәкен Бибосыновтың кәсіпқой рингтегі үшінші айқасы. Осыған дейін ол өткізген екі жекпе-жекте де жеңіске жетіп, оның бірін нокаутпен мерзімінен бұрын аяқтаған.
31 жастағы Бибосынов әуесқой бокстағы жарқын жетістіктерімен танымал. Ол – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2021 және 2025 жылдардағы әлем чемпионы, 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, сондай-ақ Азия чемпионаттарының күміс және қола жүлдегері.
Айта кетейік, осы бокс кешінде қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов та өнер көрсетеді. UFC ұйымының бұрынғы файтері әлеуметтік желіде жаттығу барысынан бейне жариялап, 28 тамыздағы жекпе-жекке дайындығын бастағанын хабарлады.