Ол желтоқсан айында рингке орала алады
WBO әрбір салмақ дәрежесі бойынша рейтингті жаңартты. Чемпиондық белбеуінен бас тартып, супер орта салмаққа ауысқан Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) бірден екінші орынға жайғасты.
Допинг дауына ілінгенге дейін Жәнібек орта салмақта WBO чемпионы болатын. Жуырда ол салмағын бір сатыға жоғарылатып, белбеуінен бас тартқан. Енді супер орта салмақта бағын сынап көрмек. Бұл дивизионда чемпиондық титул Хамза Ширазға (24-0-1, 19 КО) тиесілі болса, рейтингтің бірінші сатысында әйгілі Сауль «Канело» Альварес (63-3-2, 39 KO) тұр.
Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы Сауль Альвареспен жекпе-жек өткізу үшін жоғары салмаққа көтерілгенін мәлімдеген еді. Десе де, мексикалық даңқты боксшы бұл жекпе-жекке еш қызығушылық танытқан жоқ. Ол биыл қыркүйекте француз Кристиан Мбиллимен WBC белбеуі үшін жұдырықтасады.
Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта IBF және WBO чемпиондық титулдарына иелік еткен. Алайда, 2025 жылдың соңында допинг пайдаланғаны анықталып, IBF оны титулынан айырды және бір жылға бокстан шеттетті. WBO ұйымы да оған дисквалификация берген, десе де белбеуден айырған жоқ. Боксшының өзі биыл жаңа дивизионға өткенін мәлімдеп, чемпиондық атағынан бас тартты. Ол желтоқсан айында рингке орала алады.