Елдос Сайдалин Азия ойындарына баратын боксшылардың есімін атады
Қазақстан әйелдер құрамасы бокстан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарына дайындықтың алғашқы кезеңін бастады. Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Сайдалин Olympic.kz сайтына берген сұхбатында мәлімдеді.
Жақында ғана қазақстандық боксшылар Қытайдың Гуйян қаласында өткен Әлем кубогы кезеңін аяқтады. Аталған турнирде Назым Қызайбай (54 келіге дейін) мен Виктория Графеева (60 келіге дейін) чемпион атанса, Аида Әбікеева (65 келіге дейін), Валерия Аксенова (80 келіге дейін) және Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) қола жүлдеге ие болды.
Елдос Сайдалиннің айтуынша, қазір Азия ойындарына қатысатын құрам толық бекітілген. Құрлық додасына Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін), Назым Қызайбай (54 келіге дейін), Виктория Графеева (60 келіге дейін), Аида Әбікеева (65 келіге дейін) және Наталия Богданова (75 келіге дейін) қатысады.
Бас бапкер спортшыларды іріктеу кезінде өткен жылғы әлем чемпионаты мен биылғы Әлем кубогы кезеңдеріндегі нәтижелер негізге алынғанын айтты.
Сайдалин Азиядағы әйелдер боксының деңгейі жылдан-жылға өсіп келе жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, құрлықтағы басты қарсыластардың қатарында Қытай мен Үндістан құрамалары бар.
Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасы АҚШ-та оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Команда 4 тамызда елге оралып, қысқа үзілістен кейін 16 тамызда кезекті жаттығу жиынын бастайды. Оған Ресей мен АҚШ құрамалары да қатысады. Ал 9 қыркүйекте қазақстандық боксшылар Азия ойындары алдындағы соңғы дайындық кезеңін өткізу үшін Жапонияға аттанады.
Бас бапкердің сөзінше, ұлттық құрама жоспарға сай дайындалып жатыр. Командада жарақат алған спортшылар жоқ, барлық боксшының дайындығы жақсы деңгейде. Елдос Сайдалин алдағы Азия ойындарында жоғары нәтиже көрсету басты мақсат екенін атап өтті.