Әлімханұлы қарсыласына жеке өшпенділігі жоғын жеткізді
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы британиялық Хамза Ширазбен ықтимал жекпе-жекке қатысты тағы бір мәлімдеме жасады.
Әлімханұлы әлеуметтік желіде Ширазбен бірге түскен суретін жариялап, қарсыласына жеке өшпенділігі жоғын жеткізді. Оның басты мақсаты – британиялық боксшы иелік ететін WBO чемпиондық белбеуі.
«Ол менің жауым емес. Маған тек оның титулы керек. Ешқандай жеке мәселе жоқ», – деп жазды Әлімханұлы.
Жәнібек пен Шираз арасындағы жекпе-жек мәселесі бұған дейін ресми деңгейге жеткен. WBO британиялық боксшыға қазақстандыққа қарсы чемпиондық атағын қорғауды міндеттеген.
Екі тарапқа келіссөз жүргізуге уақыт берілгенімен, промоутерлер ортақ мәмілеге келе алмады. Осыған байланысты WBO жекпе-жекті ұйымдастыру құқығын анықтау үшін промоутерлік сауда өткізуге шешім қабылдады. Оның нәтижесінде кездесуді қай тарап ұйымдастыратыны және қаржылық шарттары белгілі болады.
Хамза Шираз кәсіпқой рингте әлі жеңілген жоқ. Оның еншісінде 24 жеңіс пен бір тең нәтиже бар, 19 қарсыласын мерзімінен бұрын тоқтатқан.
Жәнібек Әлімханұлы да кәсіпқой бокста жеңілістің дәмін татпаған. Қазақстандық боксшы 17 кездесуінің барлығында жеңіске жетіп, оның 12-сін нокаутпен аяқтаған.