Оның қарсыласы әлем чемпионы Хесус Рамос сырқаттанып қалған
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов пен WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы уақытша әлем чемпионы Хесус Рамос арасындағы жекпе-жек тоқтатылды.
BoxingScene мәліметінше, америкалық боксшы сырқаттанып қалған. Алдын ала болжам бойынша, Рамостан тамақтан улану белгілері байқалған. Осыған байланысты ол чемпиондық белбеуін қорғау үшін рингке шыға алмайды.
Нұрсұлтанов пен Рамос арасындағы кездесу 19 қыркүйекте АҚШ-тың Сан-Диего қаласында өтуге тиіс еді. Жекпе-жекке WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы уақытша әлем чемпионы атағы тігілген болатын.
Бұған дейін Дүниежүзілік бокс кеңесінің президенті Маурисио Сүлейман бұл кездесудің жеңімпазы толыққанды әлем чемпионы Карлос Адамеске міндетті қарсылас атанатынын мәлімдеген еді.
32 жастағы Мейірім Нұрсұлтанов кәсіпқой рингте 20 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 11 кездесуі мерзімінен бұрын аяқталған. Қазақстандық боксшы соңғы рет 2023 жылғы қарашада жұдырықтасып, содан бері рингке шықпаған.
Ал Хесус Рамостың еншісінде 24 жеңіс пен бір жеңіліс бар. Ол 19 қарсыласын нокаутпен жеңген.
Жекпе-жектің басқа күнге ауыстырылатыны немесе Мейірім Нұрсұлтановқа жаңа қарсылас ұсынылатыны әзірге хабарланған жоқ. WBC бұл жағдайға қатысты ресми шешімін кейін жариялауы мүмкін.