Бекбауовтың еншісінде төрт жеңіс бар, оның үшеуін нокаутпен тіркеген
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Дулат Бекбауов келесі кездесуін 31 қазанда Мексиканың Тихуана қаласында өткізеді. Оның қарсыласы жергілікті боксшы Хуан Рамон Гусман болады.
Кәсіпқой бокста жартылай орта салмақта өнер көрсететін Бекбауовтың еншісінде төрт жеңіс бар, оның үшеуін нокаутпен тіркеген. Алдағы жекпе-жекті Baja Boxing промоутерлік компаниясы жариялады.
Қазақстандық боксшы соңғы рет 25 шілдеде Алматыда шаршы алаңға шығып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен Беларусь өкілі Евгений Долголевецті жеңген еді.
Ал Гусман соңғы тоғыз жекпе-жегінде қатарынан жеңіліс тапқан. Ол соңғы кездесуін 9 мамырда өткізіп, мексикалық Антонио Вальдовиносқа техникалық нокаутпен есе жіберді.
Бекбауовтың кәсіпқой бокстағы көрсеткіші – 4 жеңіс (3 нокаут). Гусман 18 рет жеңіске жетіп, 12 жекпе-жекте жеңілген, бір кездесуі тең аяқталған.