Бұл жеңістен кейін Бек Нұрмағанбеттің кәсіби рингтегі көрсеткіші 17 жеңіске жетті
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбет Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен бокс кешінде кезекті жеңісіне қол жеткізді.
Екінші орта салмақта өнер көрсететін Нұрмағанбет мексикалық Маркос Родригеспен жұдырықтасты. Он раундқа жоспарланған жекпе-жек бірінші раундта-ақ аяқталды. Алдымен қазақстандық боксшы қарсыласын нокдаунға түсіріп, артынша жойқын соққылар сериясымен ауыр нокаутқа жіберді. Төреші мексикалықтың жағдайын ескеріп, есеп ашпай-ақ жекпе-жекті тоқтатты.
Бұл жеңістен кейін Бек Нұрмағанбеттің кәсіби рингтегі көрсеткіші 17 жеңіске жетті. Оның 15-і нокаутпен аяқталған. Ал Маркос Родригес мансабындағы төртінші жеңілісіне ұшырады.
Айта кетейік, Нұрмағанбет мексикалық Сауль «Канело» Альварестің спарринг-серіктесі әрі командасының мүшесі саналады. Ол Эр-Риядтағы бокс кешінде «Мексика құрамасы» жазуы бар жейдемен шаршы алаңға шықты. Кештің басты жекпе-жегінде «Канело» француз Кристиан Мбиллимен чемпиондық атақ үшін кездеседі.
Нұрмағанбеттің жарқын жеңісіне қарамастан, оның қарсыластарының деңгейі туралы сұрақ туындайды. Қазақстандық боксшы соңғы жекпе-жектерінде айқын басымдық танытып жүр. Ендігі кезекте оған шын мәнінде мықты қарсыластармен кездесіп, әлемдік деңгейдегі белбеулерге таласуға мүмкіндік берілуі керек.