Дэвид Бенавидес «Канелоға» Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасуды ұсынды

«Канелоның» WBC тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеуі бар

Әлеуметтік желі
Әлеуметтік желі

Жартылай ауыр және бірінші ауыр салмақ дәрежелерінде әлем чемпионы атанған америкалық Дэвид Бенавидес мексикалық Сауль «Канело» Альварес қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізуі керек деп санайды. Алайда ол мұндай кездесудің ұйымдастырылатынына күмән келтірді.

«Канелоның» WBC тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеуі бар. Бенавидестің пікірінше, мексикалықтың қатысуымен өзі көргісі келетін жалғыз айқас – Жәнібекпен болатын жекпе-жек.

«Мен Канелоның Жәнібекпен жұдырықтасқанын көргім келеді. Бұл керемет жекпе-жек болар еді. Бірақ мұндай кездесудің бір күні өтетініне сенбеймін», – деді америкалық Fight Hub TV арнасына берген сұхбатында.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы да мексикалық жұлдызбен қолғап түйістіруге ниетті екенін бірнеше рет мәлімдеген.

Қаңтар айында «Қазақ стилі» екінші орта салмақтағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Данияда өтетін кездесуде ол жергілікті боксшы Якоб Банкпен жұдырықтасады. Бұл айқаста WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы бос тұрған әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам