Жас дзюдошы Дакарда өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында алтын алды
Дакарда өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарған 17 жастағы қазақстандық дзюдошы Фатима Сұпығалиева болашақта жапониялық Ута Абэ және өзбекстандық Диёра Келдиёровамен белдесуі мүмкін екенін айтты. Жас спортшы ересектер арасындағы халықаралық жарыстарда да биік нәтижеге қол жеткізуді көздейді. Бұл туралы Kazinform агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Фатима Сұпығалиева Дакардағы жарыста үш кездесу өткізіп, барлығында мерзімінен бұрын жеңіске жеткен. Әсіресе португалиялық София Гаспармен өткен финалдық белдесу тартысты болды. Қазақстандық спортшы қарсыласының әдісінен сытылып шығып, кейін өзі сүйікті әдістерінің бірін қолданып, жеңіс тұғырына көтерілді.
Жас дзюдошы бұл жетістікке жету жолында әкесі әрі жеке бапкері Алтынбек Сұпығалиевтің еңбегі зор екенін атап өтті. Сондай-ақ екінші бапкері Ерлан Оналовқа алғыс білдірді.
Фатима үшін Дакардағы жеңіс – биылғы табыстарының жалғасы. Ол 2025 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында топ жарса, биыл 22 тамызда әлем чемпионы атанды. Бұған қоса, жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстан туын алып шықты.
Алдағы уақытта қазақстандық балуан ересектер арасындағы халықаралық жарыстарда да жүлдегер атануды мақсат етеді. Қазірдің өзінде ересектер құрамасының оқу-жаттығу жиындарына қатысып жүр.
«Ута Абэ және Диёра Келдиёровамен белдесуім әбден мүмкін. Ол үшін бұрынғыдан да жақсы дайындалу керегін түсінемін. Олимпиада шыңына көтерілу ешқашан оңай болған емес. Сондықтан аянбай еңбек етуге ниеттімін», – деді Фатима Сұпығалиева.
Айта кетейік, Ута Абэ – Жапонияның алты дүркін әлем чемпионы әрі Олимпиада чемпионы. Ал Диёра Келдиёрова – Өзбекстан атынан сынға түсетін Олимпиада чемпионы.