19 қыркүйекте Хесус Рамос қазақстандық боксшымен кездесуі тиіс болған
Америкалық боксшы Хесус Рамос (24-1, 19 KO) WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы уақытша әлем чемпионы атағын отандасы Фрэнсис Хоганнан (22-0, 17 KO) қорғайды.
АҚШ-тағы инсайдер Дэн Рафаэльдің мәліметінше, жекпе-жек 19 желтоқсанда Сан-Франциско қаласында өтеді. Кездесу Девин Хэйни мен Лиам Паро арасындағы жартылай орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына арналған бокс кешінің андеркардында ұйымдастырылады.
Айта кетейік, 19 қыркүйекте Хесус Рамос қазақстандық боксшы, WBC рейтингіндегі орта салмақтың бірінші нөмірлі үміткері Мейірім Нұрсұлтановпен (20-0, 11 KO) жұдырықтасуы керек еді. Алайда америкалық спортшы салмақ қуу кезінде денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болды. Тамақтан улануы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жеткізіліп, нәтижесінде жекпе-жек өтпей қалды.
Қазіргі уақытта WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы негізгі әлем чемпионы атағы доминикандық Карлос Адамеске (25-1-1, 18 KO) тиесілі. Ол бүгін Zuffa Boxing бокс кешінде британдық Джером Уорбертонмен (18-2-2, 2 KO) кездеседі.
Егер Адамес жеңіске жетсе, келесі жекпе-жегін Мейірім Нұрсұлтановқа қарсы өткізуі тиіс. Осылайша, қазақстандық боксшының әлем чемпионы атағы үшін таласу мүмкіндігі сақталып отыр.